Олимпиадаға қазақстандық зілтеміршілердің екінші тобы аттанды
Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарында сегіз зілтемірші еліміздің намысын қорғайды.
Бүгін спортшылардың екінші тобы Рио-де-Жанейроға ұшып кетті, деп хабарлайды «Хабар» телеарнасы.
Қазақстандық ауыр атлеттер Карина Горичева, Жазира Жаппарқұл және Ниджат Рагимов жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Рио-де-Жанейроға ұшып кетті.
Карина Горичева – 63 келі, Жазира Жаппарқұл – 69 келі, ал Ниджат Рагимов 77 келі салмақта сынға түседі. Жазира Жаппарқұл – әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері, Рагимов — 2015 жылғы әлем чемпионы.Мұның алдында Бразилияға зілтеміршілер Маргарита Елисеева ( 48 кг) мен Арли Чонтей ( 56 кг) аттанды. Сондай-ақ байрақты бәсекеге Қазақстан атынан Фархат Харки (62 кг), Денис Уланов (85 кг) және Александр Зайчиков (105 кг) қатысады.
Олимпиадада сынға түсетін спортшыларымыздың жарысқа қатысу кестесі:
6 тамыз — Маргарита Елисеева;
7 тамыз — Арли Чонтей;
8 тамыз — Фархат Харки;
9 тамыз — Карина Горичева;
10 тамыз — Жазира Жаппарқұл, Ниджат Рагимов;
15 августа — Александр Зайчиков.
Естеріңізге салып өтсек, 5 тамыз күні Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғайды.
Бүгін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының астанасы Рио-де-Жанейрода қазақтың көк байрағы желбіреді. Кешенді сынның басталуына екі күн қалғанда, олимпиада қалашығында ресми түрде Қазақстанның мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті.