Неліктен перзентханада босанған әйелді флюорографияға түсіреді?
Жас ананы перзентханадан шығармас бұрын өкпесін түсіруге жібереді. Ол не үшін керек және сәулелендіру сүт шығуға әсер ете ме?
Соңғы тексерістен соң бір жыл уақыт өткен болса, дәрігер босанған әйелді флюорографияға түсуге жібереді. Мұндай зерттеу бірнеше себептермен жүргізіледі:
– Туберкулезді уақытында анықтау. Бұл қауіпті инфекциялық ауру әлсіз ағзаға оңай шабуыл жасайды. Оны ерте анықтау емделу мүмкіндігін арттырады;
– Осы өкпе ауруының жаппай таралуын болдырмау. Оның үстіне перзентханада әлі де иммунитеті қалыптаса қоймаған жаңа туған сәбилер жатады. Сондықтан мұндай аурудың перзентханада таралуына жол бермеу керек.
Статистикалық мәліметтер бойынша, жүкті және босанған әйелдердің туберкулезбен ауыруы сол жастағы әйелдердің жалпы аурушаңдығынан 2-2,5 есе жоғары. Жүктілік кезінде ағзаға біраз күш түседі, иммунитет әлсірейді және жұқпа жұқтыру қаупі бар. Оған қоса, бұл уақытта туберкулезді анықтау қиындау, себебі оның бастапқы белгілері жиі токсикозға ұқсайды. Сәулеленудің сәбиге зияны тию мүмкін болғандықтан, жүкті әйелді рентгендік зерттеуге жібермейді. Босану жарақаты, қан жоғалту, емізу және босанғаннан кейінгі күйзеліс ауруды одан сайын ушықтырады. Ал дүниеге жаңа келген сәби анасынан ауруды жұқтырып алуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл аурудың бар-жоғын уақытында анықтап алу маңызды.
Флюорография сүт шығуға әсер ете ме?
Босанғаннан кейін көкірек қуысы органдарын рентгендік зерттеу қауіпсіз (флюорографияны жылына екі рет жасауға болады) және ол сүт құрамына ешқандай әсер етпейді. Бұл процедурадан соң баланы бірден емізе беруге болады.
Флюорографиядан бас тартуға бола ма?
Егер босанған әйел рентгенге түспесе, оны перзентханадан шығармай қояды деген пікір бар. Егер әйел қандай да бір себептерге байланысты флюорографияға түскісі келмесе, ол одан бас тарта алады. Ол үшін барлық салдарды түсінетінін және жауапкершілікті өзіне алатынын көрсетіп, ресми түрде бас тарту жазуы тиіс. Дегенмен, дәрігерлер аурудың барлық қаупін жоққа шығару үшін флюорографияға міндетті түрде түсуге кеңес береді.
massaget.kz(https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/67225/)