Хабар

Наурызда ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлер

Түркі халықтары үшін жыл басы саналатын Наурыз – ұлттық ерекшелігімізді, болмысымызды танытатын басты мереке. Осы орайда “Дәстүр” ұлттық-этнографиялық журналының бас редакторы, ақын Қасымхан Бегманов Tengrinews.kz тілшісіне салт пен дәстүрдің айырмашылығы, ұмыт қалған дәстүрлер туралы айтып берді.

Дәстүр мен салттың айырмашылығы не?

Қасымхан Бегмановтың айтуынша, дәстүр тұрақты, ал салт өзгеріске түсуі ғажап емес.

“Салт-дәстүр – әр халықтың сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық ерекшелігіне сай ғасырлар бойы жинақталған, өмірдің өзі туғызған әдет-ғұрыптар жиынтығы. Алайда салт адам өмірінің күнделікті тіршілігінде жиі қолданылатын мінез-құлық, қарым-қатынас ережелері мен жол-жора, рәсім. Ал дәстүр – қоғамдық сананың барлық саласына байланыста дамыған, қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет, заңын марапаттайтын рәсім. Сонымен қатар, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып жататын, көпшілік қоғам мүшелеріне ортақ әдет-ғұрыптардың жинақталған түрі. Дәстүрдің ауқымы салттан әлдеқайда кеңірек. Салт жеке адам өмірінде көрініп, кейін ру-тайпаға ортақ рәсім ретінде танылса, дәстүр керісінше топтасқан қауымның бірыңғай көзқарасынан туындайды”, – деп түсіндірді ол.

Ұмыт қалған дәстүрлер

Этнограф Қасымхан Бегманов ертеде халық арасында қолданылып, кейін ұмтылып кеткен дәстүр көп екенін айтты.

“Соның бірі – аластау. Қараңғы түсе екі жерге үлкен от жағылатын болған. Жас шамасына қарай топ-топ болып бөлінген жұрт екі оттың ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы майлы шүберек ораған таяқтарын отқа тұтатқан. “Алас, алас, пәледен қағас!”деп өлең айтып, айналаны отпен тазалап шыққан”, – дейді маман.

Тағы бір дәстүр – жаңа күнді қарсы алу. Алтыбақан басталарда жастар түнімен ән айтып, ұлттық ойындар ойнаған. Таң ата биіктеу төбенің басына шығып, жаңа күнді қарсы алған.

“Кімде-кім Ұлыс күнін күн түскен сәтте шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды” деген ұғым болған. Күлімдеп шыққан күнге сәлем берген жұрт “Құт дарысын!” деп айналаға ақ бүркіп, үйлеріне тарасқан. Бұл туралы Жағда қария да (Жағда Бабалықұлы – этнограф-ғалым – еск.) айтқан еді. Саумалық – жаңа жыл келгенде айтылатын жыр-дәстүр. Онда былай айтылған: “Саумалық, саумалық, Көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма? Саумалық, саумалық, Самарқанның көк тасы Жібіді ме, көрдің бе?”. Ауыл аналары мен әйелдер үйдегі екі ыдысты сындырып, барлық жаманшылық атаулы сонымен кетсін деп ырым жасаған”, – деді ол.

Этнограф Наурыз ренжіскенді татуластыратын айрықша мереке екенін атап өтті.

“Қазір ренжісіп жүрген дос-жолдастарды былай қоғанда, бірге туған араз туыстар да аз емес. Наурыз мерекесінде жеңгелер мен қайындарды белдестіріп күрестірген. Жеңгеніне тарту-таралғы берген. Кейбір жеңгелер осындайда шайпы ауыз, боқтампаз қайындардан “өш” алатын болған”, – деді ол.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button