Хабар

Мәдениеттанушы: Ұлт мерекелерін танымал ету үшін олардың бизнес мүддесі болуы керек

Бұл үшін мәжбүрлі емес, маркетингтік тәсілдер қолданылуы тиіс.

Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева Aikyn басылымына берген сұхбатында қазақтың Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні, Наурыз мейрамы сынды ұлттық мерекелері неге Хеллоуин сынды танымал бола алмай тұрғаны туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, Батыс елдеріндегі танымал мереке­лер бизнеске айналып кеткен. Мәселен, Хеллоуин қарсаңында қорқынышты костюмдер, асқабақ, басқа да аксессуарларды сату компанияларға зор пайда түсіреді.

“Саясаттанушы, мәжіліс депутаты Айдос Сарымның “Ұлттық мерекелеріміз бизнеске пайда түсірмейінше, жалпыхалық­тық мерекеге айнала алмайды” деген сөзі бар. Бұған Үкімет араласуы керек дегенімізбен, маркетингтің үлесі басқаша болады. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін алсақ та, Наурыз мейрамын алсақ та, әрқайсының өзіндік сценариі, бизнес мүдделері болуы қажет. Олар жайлы жұртқа қызық болатындай кино, мультфильм сияқты медиаөнімдер түсірілуі керек”, – деді Зира Наурызбаева.

Мәдениеттанушы, сондай-ақ, қазіргі Қазақстан қоғамы көптеген бөлікке бөлінгенін айтты. Кеңес заманынан қалған мереке­лерді тойлайтындар да, мұ­сыл­ман мерекелерінен басқа ештеңені мойындағысы келмейтіндер де, Батыстан келген заманауи мереке­лерге құмар жастар қауымы да бар.

“Қоғамда мұндай дискус­сиялар бітпейді: әртүрлі топтар өз мүддесіне сай, өз танымына сай пікірін айта береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, оны “сайтан­ның” мерекесі деп атау, соны тойлағаны үшін осы адамдар арам өлді деп табалау орынсыз”, – деді Зира Наурызбаева.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button