Хабар

Мемлекет мұқтаж азаматтарға баспананың жарты ақысын төлеп береді

Ол үшін бюджеттен 50 миллиард теңге бөлу көзделген.

Индустрия және инфрақұрылшымдық даму министрлігі табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мұқтаж азаматтарға жеке тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем беру механизмін әзірледі: жалға алу құнының 50%-ын мемлекет, қалған 50%-ын жалға алушы төлейді.

“Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға тарату ұсынылады. Бүгінгі таңда елімізде мұндай 70 мың жан бар. Олар: көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы санаттағы азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй құнының жартысын тағайындау көзделеді”, – делінген хабарламада.

Министрлік оператор ретінде “Отбасы банкін” ұсынған.

Өтініш берушілерге келесі негізгі талаптар қойылады:

  • Қазақстан азаматтығы;
  • отбасының (азаматтың) әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы жиынтық табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспауы;
  • “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылып, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін алуы;
  • тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарттың болуы.

Айта кету керек, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд теңге бюджет қаржысы қажет.

“Республикалық бюджетке түсетін жүктемені төмендету мақсатында және жекелеген өңірлер бюджеттерінің тапшылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттерден небәрі 10% мөлшерінде қоса қаржыландыру жоспарланып отыр”, – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік әзірлеген механизм барлық мүдделі мемлекеттік орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіткеннен кейін ғана күшіне енеді. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар “Отбасы банкіне” хабарласа алады.

informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button