“Маска тақпаған оқушыны үйге қайтаруға рұқсат жоқ”. Мектептер аралас форматта қалай жұмыс істейді?
Мектептің медицина қызметкері балаларды толығымен бақылауда ұстайды.
Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова 2022 жылғы 24 қаңтардан кейінгі оқу форматы мен санитарлық талаптар туралы сұрақтарға жауап берді.
“24 қаңтарда бастап балабақшалар, мектепке дейінгі мекемелер меншік нысанына қарамастан, жұмысын штаттық режимде жалғастыра береді. Оқушы саны 600-ден аз мектептер штаттық режимде, 600-ден көп оқушы бар мектептер бір ауысымда мектептің жобалық қуатының 50 пайызын қамтитын толымдылықпен жұмыс істейді. Мысалы, 1000 орындық мектеп болса, бірінші ауысымда – 500 оқушы, екінші ауысымда 500 оқушыны офлайн оқытуға болады. Бұл жерде басымдық бастауыш сыныптарға беріледі”, – деп түсіндірді Сапура Төлекова.
5-11 сынып аралығындағы оқушылардың оқыту форматын білім беру мекемесінің әкімшілігі ата-ана өтінішіне қарай өзі шешеді.
“Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, өтініш жазу үшін ата-анаға мектепке барудың қажеті жоқ. Мұны мектеп басшылары өздері ұйымдастыра алады. Егер бұған дейін мектеп пен ата-арасында сенімді қарым-қатынас орнаған болса, сынып жекетшілері арқылы қай ата-ана мектепке баласын жіберетінін анықтап алуға болады деп ойлаймыз”, – дейді ведомство өкілі.
Сапура Төлекова оқушыларды денсаулығына немесе коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болуына қарай қашықтан оқытуға көшіру туралы ереже сақталатынын айтты. Сондай-ақ, мектепке келген балаларды термотериядан өткізу, ересектерді Ashyq жүйесі арқылы статусын анықтап кіргізу талаптары да сақталуы тиіс. Мектептің медицина қызметкері балаларды толығымен бақылауда ұстайды.
Сондай-ақ, комитет басшысы “Мектеп балаларды маскамен қамтамасыз ете ме?” деген сауалға жауап берді.
“Пандемия басталғалы масканы адамның жеке гигиеналық құралы ретінде қабылдадық. Бірақ, кейде балалар балалықпен маскасын ұмытып кетуі мүмкін. Баланы маскасы болмағаны үшін үйге қайтаруға немесе сыныптағы балалардың арасына маскасыз қосуға рұқсат етілмейді. Сондықтан, балаларды маскамен қамтамасыз ету қажет”, – деді Сапура Төлекова.
Сонымен қатар, сыныптағы оқушылардың жартысы ғана офлайн оқуға келіссе, мектеп директорының шешімімен бірнеше сыныптың оқушысынан бір топ жинақтап оқытуға болады.
Сапура Төлекованың айтуынша, ТЖБ, БЖБ санында ешқандай өзгеріс жоқ. Каникулдың бір аптаға шегерілуіне байланысты тоқсанның соңындағы тақырыптардың келесі тоқсанға ауысатыны туралы хабарланған.
“Онлайн сыныпта қалған оқушылар болса, олардың жиынтық бақылаулары мектепте алынады”, – деп түйіндеді Сапура Төлекова.