Хабар

Мәһірдің мөлшері қандай? Діни басқарма түсініктемесі

ҚМДБ үкімі бойынша, келісілген мәһірді бермеу – күнә.

Facebook қолданушысы Сая Қасымбектің жазбасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары мәһір тақырыбын қызу талқылады. Сая Қасымбектің айтуынша, қыз бен жігіт мешітке некеге тұруға барғанда қыз мәһірге қымбат көлік сұрайды. Сол кезде жігіт орнынан тұрып, “той болмайды!” деп кетіп қалады. Қыздың анасы кұдағиына хабарласса баласының бет бақтырмайтынын айтып, той болмайтынын жариялаған. Пікір иесі “арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты?” деп жастардың бұл әрекетін сынады. Кейінірек сыйлас досының сұрауымен жазбасын өшіріп тастағанымен, ондаған адам желіде бөлісті. Ақ некенің шарты туралы біз бұрын да жазғанбыз. Ал бүгін желіде қызу талқыланып жатқан мәһір мәселесіне қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы берген түсініктемені ұсынамыз.

Мәһір немесе қалыңдық сыйы

ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Мүфтият қабылдаған пәтуаның ықшамдалған нұсқасын ұсынып, мәһірдің мәнін ұққан жастар ортақ байламға келеді деп үміттенетінін айтты.

“Мәһір – әйелдің неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала Құранда: “Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар шын көңілден сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қайтарып берсе (яғни, оның бір бөлігін отбасының ішіп-жеміне жұмсаса), оны тәбетпен ішіңдер, жеңдер, ас болсын!” (“Нисә” сүресі, 4-аят) деп әмір еткен. Шариғат бойынша мәһір беру – міндет. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады”, – деп жазды Ағабек Қонарбайұлы Facebook желісінде.

Ханафи мәзһабы бойынша мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Мұхаммед пайғамбар “он дирхамнан азы мәһір емес” деген. Сол заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммға жеткен. Мәһірдің құны осы мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін.

“Алайда мәһір сұраған сәтте ер азаматтың материалдық деңгейін, отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген жөн. Өйткені мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһір муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһір муәжжәл) бере алады”, – деді ҚМДБ баспасөз хатшысы.

ҚМДБ үкімі:

Мәһір – қалыңдықтың ақысы. Келісілген мәһірді бермеу – күнә;
Мәһір ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек;
Мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам, яғни 4,25 гр алтын немесе оның құнына тең болуға тиіс. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды;
Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады.

Ақ некенің шарты

Мұсылманша отау құрушылар алдымен Алланың алдында ақ болу үшін мешітте неке қидырады. Оның заңды күші жоқ, дегенмен, шариғат талабына сай келеді. Ислам дінінде “сонда ғана абыройсыздықтен сақтануға болады, өйткені “аққа Құдай жақ”, өзіне сенім артқан пендесін Алла тағала ешуақыт назарынан тыс қалдырмайды” деген түсінік бар.

Мұсылман жандарға неке қиюдың бірнеше шарты бар:

Қалыңдық пен күйеу жігіттің кәлимаға тілін келтіруі;
Олардың бір-біріне жар болуға ризалық білдіруі;
мәһір – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы;
Куәлер – екі ер адам, екі ер адам табылмаса, бір ер адам және екі әйел.

Мәһірдің берілуін Алла тағала өзі міндет етіп жүктеген. мәһір – әйелдің жеке меншік мүлкі болып саналады. Тіпті, кейін екеуі ажырасып кетсе де, күйеуінің мәһірді қайтып алуға қақысы жоқ. Мәһір – әлсіз, нәзік әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық мұқтаждық көрмеуіне арналған қамқорлық.

Ерлі-зайыптылар өзара келіскен мәһір “аталған мәһір” деп айтылады. Ал өзара ешқандай мәһірге келіспесе, онда қалыңдыққа ел қатарлы “жалпыға тән мәһірін” береді.

Мәһір өтелу уақытына қарай уақытылы және кешіктірілген болып екіге бөлінеді. Уақытылы төленетін мәһір дегеніміз мәһір белгіленген кезде өтелетін уақыты да қоса айтылса, күйеуі әйеліне сол уақыт ішінде беруге тиіс. Мәһірді өтеу уақыты айтылмаса бұл кешіктірілген мәһір деп есептеледі. Бұл жағдайда күйеуі шамасы келген кезде берсе жеткілікті.

Исламда сатуға және қолдануға тыйым салынбаған кез келген нәрсе мәһірге жарайды. Ислам бойынша тыйым салынған арақ-шарап, арам мал, ұрланған зат сияқты нәрселер мәһірге жатпайды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button