Кеншілер министрмен кездескісі келеді
Әр аймақтың өзінің шетін мәселелері бар. Өндірісті Қарағанды үшін өнеркәсіптегі ахуал өзекті. Соның ішінде кеншілер проблемасы бар. Қарағандының даңқын асырған, тәуекелі аса жоғары жағдайда еңбек ететін кеншілер тағдыры көмір барда күн тәртібіндегі бірінші мәселе болып қала бермек. Жеті қат жер астында ауыр жұмыс істейтін олардың үнін есту үшін 2021 жылы Келісім комиссиясы құрылған-тын. Бұл комиссия алдыңғы жылы Абай шахтасындағы апаттан соң жасақталғанын атап өту қажет.
Содан бері жүйелі түрде кенші ұжымымен кездесіп, олардың мәселелері талқыланады. Соның нәтижесінде осы комиссия арқылы кеншілердің біраз ұсыныс-тілегі орындалды. Аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекпаев өткізген комссияның кезекті отырысында кеншілер ерте зейнетке шығуды пысықтау үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездескілері келетінін жеткізді.
“Келісім комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Кеншілерді толғандыратын мәселелердің көпшілігі оң шешімін тапты. Бұл, әрине, біздің кәсіпорындардың тұрақты жұмысына ықпал етеді. Бірақ біз жауабын күткен бірқатар жүйелі сұрақ бар”, – дейді «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев. Оның ең бастысы – ерте зейнетке шығу. Кеншілер осы орайда министрліктің ұстанымын білгісі келеді. Ол үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрмен кездесуді сұрайды. Облыс әкімі Е.Бөлекпаев бұл орайда көмек беретінін айтып отыр.
Сонымен қатар отырыста «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің шахталарын дамыту әлеуетін қарастыру да ұмыт қалған жоқ. Компания өкілдері шахталарға қатысты инвестициялық жобалар, құрал-жабдықтарды жаңарту жөнінде баяндады. Аймақ басшысы «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына инвестициялық бағдарламамен әр шахта ұжымының танысуға тиістігін атап, оны ұжымдарға ұсынуды талап етті.
“Бұл ақпарат қолжетімді болуы керек. Инвестициялық таныстырылымдармен кәсіпорындардың өздері де танысуы қажет. Кездесулер өткізіңіздер, талқылаңыздар. Кеншілер өз шахталарының болашағын көріп, білуге тиіс”, – деді Е.Бөлекпаев.
Бұл жолғы отырыста кеншілерді сауықтыру да сөз болды. «Шахтер» және «Жартас» демалыс үйі жөндеуге жабылған. Дегенмен кеншілердің Қазақстанның кез келген шипажайына жолдама алуына рұқсат. Компания жетекшілері бұл тұрғыда ешбір қиындық туындамайтынына уәде береді.
Дереккөз: egemen.kz