Келесі оқу жылынан бастап кейбір сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады
5-8, 10-сынып оқушылары келесі оқу жылынан бастап қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Telegram-арнасында айтылған.
“5-8, 10-сынып оқушылары қазақ тілі пәнінен емтихан тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі (2023-2024) оқу жылынан бастап енгізіледі. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыра береді. Бұған дейін бұл ұсыныс қазақ тілі мұғалімдерінің съезінде және оқу-ағарту министрі қатысқан мұғалімдер қауымдастығы өкілдерінің кездесуінде айтылған”, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, емтихан тапсырмаларын мұғалімдер дайындайды әрі оқушылардың осы емтиханнан алған бағасы қорытынды бағаға да әсер етеді.
“Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, өздері құрастырады. Бұл пәннің қорытынды бағасы 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындысы бойынша қойылады”, – делінген министрлік хабарламасында.