Хабар

Кеңесары хан мен Сыдық сұлтан туралы кітап жарық көрді

Кітапты Кенесары ханның ұлы Ахмет сұлтан жазып қалдырған.

Тарих және этнология институтының қабырғасында Ахмет Кенесарыұлының “Кенесары хан уа сұлтан Сыдық” кітабының тұсаукесері өтті. Кітап баспагер Бақытжан Бұқарбайдың жетекшілігімен жарияланды.

Кітапты 2004 жылы ғалым Илья Зайцев тауып, кейін Мәскеудегі мемлекеттік тарихи музейде сақталды. Бақытжан Бұқарбай музей басшылығына хат жазып, шығарманың өте жоғары сапада сканерленген көшірмесін сатып алған.

“Кітап жайлы былтыр желтоқсанда Асхат Нұрмашев деген тарихшы досымнан білдім. 1992 жылы орысша басылған нұсқасынан оқыған Кенесары ханға қатысты эпизодты айтып берді. Ол кітапта қате мәліметтер бар. Ал түпнұсқаны Кенесары ханның ұлы Ахмет сұлтан қазақша, бірақ ескі араб қарпімен жазған. Біз соны кирилл қарпімен жазып шықтық. Ескі жазуларды оқитын профессор ғалым Амантай Исиннің аудармасымен жарық көрді. Осы жобаға демеушілік еткен меценат Бауыржан Оспанов ағамызды атап өткім келеді. Көшірме құны арзанға түспеді”, – деді баспагер.

Ол кітаптың алғашқы тұсаукесерін дүкенде емес, ғылыми ортада өткізу не үшін маңызды екенін атап өтті.

“Бұл – жай шығарма емес, ғылыми потенциалы зор іргелі туынды. Ғылыми айналымға енуге тиіс кітап. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты – еліміздегі тарих саласындағы №1 ғылым ордасы. Бұйымтайыммен барғанда, бетімді қайтармай, барынша қолдау көрсеткен институт директоры, т.ғ.д. Зиябек Қабылдиновқа ризашылығымды білдіремін”, – деді Бақытжан Бұқарбай.

Кітаптың тұсаукесеріне Семейден келген Амантай Исин шығарманы екі айда көне араб жазуынан аударып шыққан. Тыңғылықты ғылыми еңбек шығару үшін кемінде алты ай уақыт қажет, дейді ол.

“Бақытжан қыста хабарласып, уақыт тығыз екенін айтты. Аз уақыт ішінде сапалы өнім шығару жақсы баспагердің ғана қолынан келеді. Ғылыми талаптар жүзеге асты. Ахмет Кенесарыұлының шығармасының тілі, лексикалық ерекшеліктері сақталды. Көптеген араб, парсы сөздеріне түсініктеме бердім. Халқымыздың тарихы үшін өте маңызды шығарма болғандықтан біраз еңбектенуге тура келді. Транскрипцияға жақын аударма жасау қағидасын ұстандық. Тіл білімін зерттеушілерге, филологтар мен лингвистерге де көмек. Зиялы қауымға пайдасы тиетін басылым болсын деген ниет болды. ХІХ ғасырда шыққан ескі лексиканың иісін сақтаған арабша, парсыша сөздіктермен жұмыс істедім. Әрбір сөздің мағынасын анықтау керек болды”, – деді тарихшы ғалым Амантай Исин.

Ахмет сұлтан – қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық қозғалыстың қолбасшысы Кенесары ханның ұлы. Ол кітабында әкесінің шежіресі, өмірінің соңғы күндері, бауыры Сыдық сұлтанның Ресей патшалығының отаршыл саясатына қарсы күресі жайлы жазған. “Кенесары хан уа сұлтан Сыдық” кітап дүкендерінде қолжетімді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button