
Көргені жақсы көш бастайды
Ел аузында қалған ескі сөздерде ұлттың қамын жеген асыл бабаларымыз аз болмаған.
«Ел басына күн туса, ақсақалы ауыр ойға батады» деуші еді бұрынғылар. Жетес деген көрегенге жолыққан ақылгөй Байтоқан:
– Қияннан асқан бар ма,
Арқардың ізін басқан бар ма,
Ұлытауға шыққан бар ма,
Ұлылардың үнін ұққан бар ма,
Соны іздеп келемін, – депті.
Сонда Жетес: – Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам – адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, мен соны іздеп барамын, – депті.
Бұл – Абай елінің әңгімесі.
Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың бас уәзірі Едіге батырды «Ел қамын жеген Едіге» атағаны мәлім. Кешегі заманда Бұқар жырау атақты Абылай ханның кей тірлігіне ренжігенде, «Есім ханның түстігіне жарамады-ау!» деп сын айтқан деседі.
Өткен іс өткеннің есесінде қалсын. Енді Әділетті Қазақстан құрамыз деген Президентке уақыт беру керек. Отыз жылда қордаланған күрделі мәселелерді бір күнде түзеп тастамады деп, билік пен үкіметті кінәлағанымыз әділет болмас, сондықтан оларға мүмкіндік берген абзал. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады.
«Халықты қалай бағындыруға болады?» деген сұраққа дана Конфуций: «Егер адал адамдарды көтермелеп, арамзаларды басшылықтан аластатпасаң, халықты бағындыра алмайсың» деген екен. Иә, өз билігін халық билігіне айналдырған басшы ғана билігін байыпты етеді. Бүгін тек қана ынтымақ пен береке елдік тұтастығымызды сақтап қалады.
Осы заманымызда да елдің сөзін айтқан тұлғалар болды. Кешегі өткен Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза «Елім, саған айтам! Елбасы, сен де тыңда!» деп айналадағы талай берекесіз тірлікті жария етті. «Ауыл кетсе ұлттың ұйытқысы кетеді», деп ұлтымыздың алтын ұясын сақтап тұруды, тіліміздің тірегін ұстап қалуды айтты. Оған құлақ асқан ешкім болмады.
Атақты Әмір Темір Шығыстың жеті жұлдызының бірі Хафиз шайырды сарайына шақырып былай деп айтқан: «Патшасы ақынын іздеген ел бақытты, ал ақыны патшасын іздеген ел сорлы».
Мен өзім Президенттің Америкада тұрып жатқан біртуар жазушы, ғалым Мұхтар Мағауинді 80 жылдық мерейтойымен құттықтағанына сүйсіндім. Осындай адами ілтипаттардан кейін халықтың шынайы сенімі артады.
Мемлекет басшысы елімізді мекендейтін табиғаттың төлтумасы – киік мәселесіне байланысты оң пікір білдіріп, оларды сақтап қалудың жолын қарастыруы да көңілді серпілтті. Президент бұл қасиетімен өзінің ұлы дала ұрпағы екенін дәлелдеді. Қазақ – сан ғасыр табиғатпен қоян-қолтық араласып өмір сүрген халық. Біз қай түз тағысының киесі барын жақсы білеміз. Жан-жануарға байланысты аңыздың ақиқаты өмірден алынған Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киік» поэмасының басталуын еске түсірелік:
Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақтың ойлы,
қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ
өмір сүрген,
Жәндіктің киік деген баласы бар…
Кәкімбек Салықовтың жезкиік туралы ән сөзінен де биік рух аңғарылады. Киіктің өрісі мен атамекені Бетпақдаланы түз тағысына да, өзімізге де жайлы ету – экологиялық үйлесімнің алғышарты.
Президент Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда елдің болашағы туралы тамаша сөздер айтты. Бізді ойландырып, толғандырды. Осы жолы да халықтың аяулы перзенттері Мұхтар Шаханов пен Ілия Жақановты еліміздің ең жоғары дәрежесі «Еңбек Ері» атағымен марапаттады. Саясатқа көп араласпайтын академик-математик Асқар Жұмаділдаев ел басшысы алдында сөз сөйледі. Мұның бәрі мына ойды еске түсіреді: «Экономика және оған қатыстылардың бәрі мәдениетке тәуелді». Яғни білімді, мәдениетті, өнегелі тұлғалар ғана қоғамды ұстай алады.
Ұлы бабамыз әл-Фараби: «Ізгілікті қоғамда барлық адамдар өнермен айналысу керек», депті. «Өткенді ұмытқандар оған қайта оралуға мәжбүр», деген Еуропадағы кішкене мемлекет – қала Люксембург даналары: «Біз бұрын қандай болсақ, сондай болып қалуымыз керек», дегендей Әділетті Қазақстанның әділетті жолынан айнымаса, бүгіні де, болашағы да баянды болады деп сенеміз.
Сағынтай Мұсабеков,
Созақ ауданының құрметті азаматы
Дереккөз: egemen.kz