Хабар

Итті залалсыздандыруға қанша қаржы бөлінеді?

Былтыр Қарағанды облысында 700 адамды ит қапқан. Бұл сан күн сайын қала көшелерін қаншама иесіз иттің кезіп жүргенін білдіреді. Айтпақшы, адам мен төрт аяқты хайуан арасындағы қарым-қатынастың заңмен реттелгеніне көп уақыт өткен жоқ. Бір жарым жыл бұрын «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енді. Бірақ бұл заң адамдарға иттен төнетін қауіпті азайтқан жоқ.

Қоғамды ізгілендіру, жа­нуар­ларға қайырым жасау мақ­са­тында қабылданған заңға еш­кімнің қарсылығы жоқ, әрине. Бірақ жағдай түзелген жоқ, керісінше ушықты. Оны да мойындаған жөн. Былтыр қаңғыбас иттерді аулап, ұстап, залалсыздандыруға бюджеттен ветеринария басқармасына 25 млн теңге бөлініпті. Алайда бұл қаржы игерілмей кері қайтарылған. Биылғы қаражат одан да қомақты – 146 млн 700 мың теңге. Қоғамдық кеңес мүшесі Меруеш Башай мұнша қаражат бөлінсе де жұмыс нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтады. Осы орайда ол биыл 146 млн теңге алатындарға жауапкершілік жүктелуі керек дейді қоғам белсендісі.

Жануарларды ұстап, за­лал­­­­сыз­дандыруға бөлінген қар­жы­ға өзгеріс керек. 146 млн теңге аз ақша емес. Шындап келгенде, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі жақсы деуге келмейді. Былтыр Қарағанды облысында иттен 700 адам зардап шекті. Егер 146 млн теңге алса, оларға жауапкершілік жүктелуге тиіс. Қоғамдық ке­ңес­­тен заң шы­ға­рушы орган­дар­ға ұсыныс хат жолдау керек немесе заңға өзге­рістер енгізу қажет. Көшеде қап­таған ит. Халық бізге айтады. Ал біз не істей аламыз? Заң тала­бына байланысты сұраныс қана жасаймыз, – дейді Меруеш Башай.

Жалпы, елімізде 2022 жыл­дың 1 наурызына дейін бұралқы иттерді жоюға рұқсат болған. Кейінгі бір жылда бұған заңмен тыйым салынды.

«Жаңа заң бойынша енді қаңғыбас иттерді ұстап алып, уақытша панажайға әкеп вакциналап, залалсыздандырып (медициналық піштіру), аяқтан тұрғанша күтіп-бағып, қайтадан көшеге қоя беру керек. Бұл қызметті тендер арқылы тек жеке кәсіпкер ғана жүргізе алады. Мемлекет ақшаны кәсіп­керлерге аударуға тиіс. Оларды залал­сыздандыруға былтыр қараға­н­дылық кәсіпкерлер құлық танытпады. Енді был­тырғы наурыздан бастап қада­ғаланбай кеткен қаңғыбас ит саны қаншаға жеткенін есептей беріңіз. Қорғансыз жануарларды жою – жауыздық. Бірақ иесіз жануарды «піштіріп», 15 күннен кейін суық, аш, далаға қоя беру де шешім емес», дейді қоғам белсендісі Ләззат Қожахметова.

Ал Қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омарханов бұралқы ит пен мысықтың қаланың бас ауруына айналғанын айтады. Ауылда мұндай проблема әзірге асқынбаған.

«Қалада Ветеринария коми­теті мен Экология министрлігі арасында текетірес басталды. Өйткені заңда кереғарлық көп. Зооқорғаушылар бұралқы ит пен мысықты жоюға тыйым салдырды. Сол заңға сүйеніп алып, шулатып жатыр. Заң шыққанша Қарағанды облысында 6 мың бұралқы ит жойылған. Енді ветеринария басқармасы мен бөлімдерінің қолы байлаулы. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалды. Бөлінген ақшаны жұмсай алмайды», дейді Қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омарханов.

Мұндағы мәселе тереңде. Зооқорғаушылар бұралқы иттерді сақтап, баптап ұстайтын арнайы орын сұрап жатыр. Олардың айтып отырған арнайы орны жүздеген миллион тұратын типтік, ғылыми тілде «жануарларға арналған шипажай» деп аталатын ғимарат. Оның ішінде, асханасы, жатын жері, ветеринарлық дәріханасы, операция залы, ит-мысықты қыдыртатын орны болады. Негізінде, өте қымбат құрылыс. Сол құрылысты салдырып алып, «ит пен мысықты сонда күтеміз, баптаймыз» деп талаптар қойғылары келеді. Оны ашып алған соң жалға алады да, ғимаратты күтіп-ұстауға бюджеттен қаржы сұрайды.

Дегенмен, биыл Қарағанды көшелерінің бойынан ит қыдыртатын, мысық демал­ды­ратын 8 әлде 10 арнайы орынға ақша бөлінген. Ни­қан­бай Иманғалиұлының айтуынша, бұл мәселе Экология министрлігіне де жеткен.

«Министрлік мысық пен ит иелеріне қатаң талап қою туралы бұйрықтарына өзгерістер енгізеді. Оның қандай болатынын көреміз. Бұл жерде ветеринария мен біздің ұсыныс тым шектен шығып кеткен ит пен мысықты жоюға қатысты. Одан соң оларды тиісті орын­дарға тапсыру қажет», дейді Ниқанбай Омарханов.

Бұралқы итті ұстайтын панажай Қарағандыда әзір жоқ. Жергілікті билік өкілдері де оны салуға ешкімге уәде берген емес. Қазір Қарағандыда бөлінген 0,3 гектар жерге уақытша күтіп ұстау орны ғана жабдықталады. Онда ауланған иттерге қатысты іс-шаралар жасалады.

«Панажай деген – итті аула­ған соң оның қанша өмірі бар, соған дейін шығармай, күтіп ұс­тау­ға тиіс орын. Біздікі – уақыт­ша күтіп ұстау. Уақытша күтіп ұстауда итке тиісті барлық процедура жүргізіледі. Мерзімі – он бес күн. Одан соң, яғни, он алтыншы күні қайдан ауланды, бригада сол орынға апарып қайтадан қоя береді», дейді вете­ри­нария басқармасының бөлім меңгерушісі Ерлік Тілекұлы.

Қазір уақытша ұстау кезінде бір итке бөлінетін қаржы 96 мың теңге көлемінде екен. Бұл қаржыға қаңғыған ит-мысықты аулау, ұстау, залалсыздандыру, вакциналау кіреді. Айтпақшы, ашық ресурстардағы деректерде әлемде 200 миллионнан астам бұралқы ит бары айтылады. Қазақстанда соның ішінде, Қарағандыда қанша екенін қарапайым қараша түгілі құзырлы орынның өзі де білмейді. Дегенмен, көше кезген көп бұралқы ит саны айлап көбейіп келеді.

Дереккөз: egemen.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button