Хабар

Индустрия министрі: Әлі жөнделмеген жолдар үшін ақы талап етілмейді

2025 жылға дейін Қазақстанда 11 мың шақырым жол ақылы болады, деп хабарлайды informburo.kz

Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары ауыр жүк көліктері үшін ақылы жол бағасы шақырымына 38 теңге болсын деген ұсыныс айтқан болатын.

“Министрлік пен салалық ведомство бұл тарифті бекіткен жоқ. Қазір 2013 жылғы тариф қолданылып отыр. Ақы ақаусыз учаскелердегі жолдарға ғана төленеді. Төлемақы ставкалары жаңа учаскелерде де сақталады”, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Жол сапасы оның күтіміне жұмсалатын шығындарға байланысты. Сол үшін жолдарды ақылы ету арқылы оның күтіміне кететін республикалық бюджет шығындары төмендетілмек. Яғни “Жолды пайдаландың ба, ақы төле” деген әділ принципке негізделген.

“Жол сапасы оны күтіп ұстауға кететін шығындарға байланысты. Ал жүк көліктері жол сапасына едәуір кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы ондаған транзиттік жүк көліктерінің өтетінін де ескеруіміз керек”, – деді министр.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін елде 11 мың км жол ақылы болады. Биыл 5,8 мың шақырымға төлем енгізу көзделген. Министрліктің ресми дерегінше бір шақырымға шаққандағы ақылы жол тарифі төмендегідей:

Жеңіл автокөліктер – 1 теңге;
Автобустар (орын санына қарай) – 5-15 теңге;
Жүк көліктері – 5-25 теңге.

Атамқұловтың айтуынша, көрші елдерде ақылы жүйе бұрыннан бар. Ондағы тарифтік мөлшерлемелер Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

“Мысал ретінде айтар болсақ, Ресейде жүк көліктері бір шақырым үшін 22 теңге шамасында төлейді. Германия мен Италияда біздің теңгеге шаққанда бір шақырым үшін төлем 70 теңгені құрайды. Беларусьте баға – 80 теңге шамасында”, – деді министр.

Оның айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын жүк көлік иелері жаңа учаскелердің ақылы болғанына наразылық білдіріп, шу көтерген. Оларға жағдайды түсіндіріп басу айтылды. Жалпы бұл мәселе соңғы екі жыл бойы осы салаға қатысты ведомстволар тарапынан көтеріліп келеді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button