Хабар

Ерте піскен жеміс, көкөністерден адам ағзасына қандай қауіп бар

Жеміс, көкөністерді тұтынудан пайда болатын тағамдық аурулар – денсаулық сақтау органдары мен тұтынушыларды алаңдатып отыр. Осыған орай, көктем, жаз мезгіліндегі ерте піскен жеміс, көкөністердің қауіпсіздігі, оларды дұрыс тұтыну жолдары туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова айтып берді.

– Ерте жеміс, көкөністер адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін бе?

Ерте көкөністер мен жемістер әртүрлі климаттық және географиялық жағдайларда өсіріледі және жиналады. Олар фермаларда, өндірістік үй-жайларда, жылыжайлар мен ашық жерлерде өсіріледі. Өсіру және жинау кезеңіндегі барлық процестер санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтай отырып жүргізілуі керек. Өсіру процесінде барлық ерте көкөністер мен жидектер өсімдіктің өсуіне қажетті азот бар химиялық заттармен қоректенеді. Бұл химиялық заттардың барлығы өсімдіктің өзінде жиналады – бұл нитраттар.

– Көкөністер мен жемістердегі нитраттар дегеніміз не?

Нитраттар дегеніміз у емес, олар өсімдіктерге арналған қажетті материалдар. Өсімдіктегі азот қосылыстарының бір бөлігі ақуызға айналады, артық мөлшері жиналады. Олар біздің ағзамызға түседі. Біз нитраттардың 60% — дан астамын көкөністерден, 20% – ауыз судан, 10% – еттен және қалған 10% – жемістер мен сүт өнімдерінен аламыз.

«Нитраттың» белгілері келесідей болады:

Тым біркелкі көкөністер, сондай-ақ, қанық түсті тым үлкен жемістер.

Қауын мен қарбызда тәтті дәмнің болмауы және оларда піспеген дәндердің болуы.

Алма мен алмұрттың дәмі тұщы болады. Сонымен қатар, алманың қабығына назар аударыңыз. Егер ол тайғақ және сәл жабысқақ болса, онда ол тек сабынды сумен жуылатын дифенилмен (тағамдық консервант) өңделген.

Шабдалы мен өрікте тәтті дәмнің болмауы, жемістердің жарылуға бейімділігі.

Қызанақтың ішіндегі ақ тамырлар. Тек піскен жемістерді сатып алыңыз. Егер қызанақ сыртынан да, ішінен де ашық қызыл болса, онда нитраттардың мөлшері қалыпты.

Қызылшаның құйрықшасы бұралған болады.

Қияр қабығындағы сары дақтар.

Салат жапырақтарының ұштары қоңыр түсті. Сонымен қатар, «нитратты» салаттың жапырақтары өте нәзік келеді.

Қырыққабат жапырақтарындағы қара дақтар.

Көкөністердің түсі тым күңгірт болуы, табиғи емес ұзын сабақтар.

Сәбіздегі сары және жасыл дақтар, өзегі ақшыл болуы.

– Көкөніс пен жемістен нитраттарды қалай табуға болады?

Нитраттардың рұқсат етілген мөлшерін көзге анықтау мүмкін емес. Зиянды заттардың деңгейін тек арнайы «нитратомер» құралы ғана анықтай алады. Құрылғыны жеміске енгізу жеткілікті, ол нитраттың мөлшерін электронды дисплейге шығарады. Жанында зерттелетін жеміс немесе көкөністегі зиянды заттың рұқсат етілген мөлшері көрсетіледі.

– Ерте піскен жеміс, көкөністерді тұтыну кезінде өзіңізді және отбасыңызды қалай қорғауға болады және не істеу керек?

Сатып алынған көкөніс пен жемістерді дұрыс жуып, тазалаған кезде нитраттардың мөлшерін едәуір азайтуға болады. Тұтыну алдында жылы суда 20-30 минут ұстаңыз және нитраттар суға кетеді.

Термиялық өңдеу – нитраттардың құрамын айтарлықтай төмендетеді, яғни, пісіру, қуыру, тұздау, консервілеу және т. б.

Еріген көкөністер мен жемістерді, сондай-ақ пісірілген салаттарды бір күннен артық сақтамаңыз. Температура өзгерсе және ұзақ уақыт сақталса, көкөніс пен жемістердегі нитраттар нитритке айналады.

Спикер сондай-ақ өткен жылы нитрат құрамына көкөніс, жемістердің 782 сынамасы алынғанын, оның ішінде 8 сынама оң нәтиже бергенін айтты.

«Қауіпсіз өнімді таңда» науқаны кезінде базарда нитрат құрамынан асып кеткен 6 сынама (қауын, өрік, қара өрік) және 2 сынама (өрік, жасыл жүзім) анықталды.

Биыл нитрат құрамына 194 көкөніс пен жеміс сынамасы алынды, оның ішінде оң нәтижелер тіркелген жоқ«, – деді дәрігер.

Ол сондай-ақ көкөніс, жеміс, жидектерді жергілікті зертханалар немесе қадағалау құжаттарымен сатылатын, өнімді тексеру жүргізілетін белгіленген сауда нүктелерінен ғана сатып алуды ұсынады.

«Өздігінен ұйымдастырылған сауда нүктелерінен сатып алмаңыз.

Өсімдік өнімдерінде нитраттардың көп болуы нитраттармен улануға әкелуі мүмкін. Нитраттармен улану қаупі гемоглобиннің метгемоглобинге ауысуы және оның адам тіндері мен мүшелеріне оттегін тасымалдау функциясының бұзылуы болып табылады. Егер уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, онда қауіпті салдарлар болуы мүмкін. Осыған байланысты ерте көкөністерді, әсіресе, бақша дақылдарын сатып алғанда, абай болу қажет«, – деді Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.

Дереккөз: inform.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button