Енді декреттік төлемдерді eGov арқылы рәсімдеуге болады
Бұрын өтініш ХҚКО арқылы қағаз түрінде қабылданған болатын.
Жүктілікке, босануға және жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтінішті енді eGov.kz порталы арқылы беруге болады, деп хабарлады Еңбек министрлігі.
“Өтініш беру үшін басты бетте “Әлеуметтік қамсыздандыру” бөлімін ашып, “Отбасыларға көмек” тармағындағы тиісті қызметті табу керек. Кейін порталда авторизацияланып, онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық міндетті қатарларды толтыруы, талап етілетін файлдарды тіркеуі және ұсынылған нұсқалардың бірімен өтінімге қол қоюы қажет”, – деп жазылған хабарламада.
Өтінімді eGov.kz порталында қарау мерзімі 8 жұмыс күнін құрайды.
Сомасы көрсетілген төлем тағайындау туралы хабарлама немесе бас тарту туралы жауап жеке кабинетке жіберіледі. Оны “Қызметтерді алу тарихы” бөлімінен көруге болады.
Айта кетейік, қызметті eGov.kz порталы арқылы алу үшін жұмыс берушінің кадр қызметі толтыратын еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен электрондық мәліметтер қажет.