“Елорда үшін бұл – ұят”. Тоқаев шенеуніктерге неге шүйлікті?
31 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Президент шенділерге қандай қатаң тапсырма беріп, не үшін сынға алғанына шолу жасалық.
“Ауыр жағдайды өзгерту маңызды”. Елорданың бас жоспары бекіту туралы
“Астананың қазіргі ауыр жағдайын тез арада өзгерту маңызды. Осы мақсатпен қаланың даму стратегиясын қайта қараған жөн. Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын”, – деді Мемлекет басшысы.
“Үкімет түйткілді мәселені шешуге мән беріп отырған жоқ”. Жатақхана туралы
“Жатақхана салу – өте өзекті мәселенің бірі. Қазір студенттерге 13 мыңға жуық орын жетіспейді. Алайда Үкімет бұл түйткілді шешуге мән беріп отырған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек”, – деді ол.
“Осыған дейін талай айттым”. Мектептердің құрылысы туралы
“Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан аса бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Мектеп салу мәселесі бұл -стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым”, – деді Президент.
“Шағым көп”. Медицина қызметінің сапасы туралы
“Қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп. Бұл жерде демографияны да ескерген жөн. Елорда тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ, кейбір ауруханада санитария талаптары сақталмайды. Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады. Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе”, – деді Мемлекет басшысы.
“Көшелер тас қараңғы”. Елорданы абаттандыру туралы
“Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады”, – деді Мемлекет басшысы.
“Жұрт балаларын сыртқы шығаруға қорқады”. Үйлердің салынуы туралы
“Тағы бір маңызды мәселе – көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр. Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы, ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді”, – деді Тоқаев.
“Ала-құла жарнама көп”. Қаланың келбеті туралы
“Тағы бір мәселе бар. Қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ, қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, “Мыңжылдық” аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады”, – деді Мемлекет басшысы.
“Тұрғындар аялдамада жарты сағат тұруға мәжбүр”. Қоғамдық көлік туралы
“Келесі мәселе – қоғамдық көлік жүйесін дамыту. Мен қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бердім. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті”, – деді ол.
“Басқа амалымыз жоқ”. LRT құрылысы туралы
“LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын”, – деді Тоқаев.
“Кептелістен көз ашпайды”. Көлік жүйесі туралы
“Тағы бір маңызды мәселе – Астананың көлік жүйесін дамытуға қатысты. Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Сондықтан, мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет”, – деді Мемлекет басшысы.
“Қаңырап бос жатыр”. Қоғамдық орындар туралы
“Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр”, – деді Президент.
Дереккөз: massaget.kz