Елдегі ақылы жолдардың бәріне жылдамдықты өлшейтін камера орнатылады
Бұл туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, ведомство елдегі ақылы автожолдардың барлығын жылдамдықты өлшейтін бейнекамерамен жабдықтауды жоспарлап отыр.
Бүгін елімізде барлығы 2 200 шақырым ақылы жол бар, ал қалғанына ақы енгізілмеген. Қазір біз жылдамдықты өлшеуге арналған камераларды қолдануды жоспарладық. Ішкі істер министрлігімен бірге оларды біріктіріп, камералар автокөліктердің жылдамдығы туралы ақпарат береді. Бүгінде «Астана-Бурабай» тасжолында бұл камералар жылдамдықтың артуын қадағалап, сәйкесінше айыппұл салынады, – деп атап өтті комитет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол жоба аясында 25 мың шақырым автожолдың 11 мыңын ақылы ету жоспарда барын айтты. Бұл дегеніміз 11 мың шақырым автожолға бейнекамера орнатылады. Республикалық тасжолды бейнекамерамен жабдықтау жұмысы 2030 жылға дейін жалғасатыны белгілі болды.
Жолдағы апаттың негізгі себебі – жылдамдықты сақтамау. Өздеріңіз білетіндей, «Астана-Бурабай» тасжолында барлық камера жұмыс істеп тұр. Рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 140 шақырым, дегенмен ол жерде 180-200 шақырыммен де жүреді. Сондықтан бұл камералар жылдамдықты бақылайды, – деді Амангелді Беков.