Хабар

Бүгін – Құрбан айт мейрамының бірінші күні

Бүгін барша мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мейрамы басталды.

Құрбан айттың бірінші күні 28 маусымға түсіп тұр. Айта кетейік, үш күндік мерекенің алғашқы күні елімізде демалыс саналады. Бұл күндері құрбандыққа мал шалып, азығы жоқ, мұқтаж жандарға таратып береді. Ислам түсінігі бойынша жоқ-жітік жандарға көмектесу сауапты іс. Сондай-ақ, мұсылмандар құлшылық етіп, көбірек жақсы амалдар жасауға тырысқаны жөн.

Атап айтқанда, мереке кезінде Құрбан айт намазы оқылады. Айта кетейік, әр өңірде намаз оқудың бекітілген уақыты бар. Аталған мерекеге тән міндет – Құрбан шалу. Еске сала кетейік, құрбандыққа шалатын малға және союға қатысты қойылатын арнайы талаптар бар.

«27 маусым – Арапа болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталған уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Астана қаласында таңғы 6.00-де басталады. Өзге қалалар бойынша ақпаратты muftiyat.kz сайтынан қарап алсаңыздар болады», – деді бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет. Шариғат бойынша «бай» деп мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Мал-дүниесі нысап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты.

«Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай, барша қазақ елін «Құрбан-2023» қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен WhatsApp нөмірге жіберіледі», – делінген ресми хабарламада.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button