Бішкек әлемдегі ең ауасы лас қалалар тізімінде көш бастап тұр
Ауа сапасы рейтингін жариялайтын www.iqair.com сайтының мәліметінше, Бішкек ауаның ластануы бойынша әлемде бірінші орында тұр.
Сайт мәліметінше, Бішкектегі ауаның ластануы – 306 AQI (ауа сапасының индексі), бұл «қауіпті» деңгейге сәйкес келеді.
Екінші орында Бангладештің Дакка қаласы тұрса (179 AQI), үшінші орында Дели (Үндістан) – 176 AQI. Бұл қалаларда ауаның тазалық көрсеткіші «зиянды» деп бағаланды.
Сондай-ақ, тізімнің алғашқы «ондығына» Калькутта (Үндістан), Карачи (Пәкістан), Мумбаи (Үндістан), Аккра (Гана), Бағдад (Ирак), Ташкент (Өзбекстан) және Лахор (Пәкістан) кіреді.
Экологтердің айтуынша, қала атмосферасының ластануына қалада таудан келетін желді жауып тастаған көпқабатты үйлерді көптеп салу, сондай-ақ қыста жергілікті тұрғындардың көмір жағуы себеп болып отыр.