Бірнеше тіл меңгеру есте сақтау қабілеті мен шығармашылыққа қалай әсер етеді
Көп тіл білу есте сақтау қабілетіне, шешім қабылдау механизміне немесе шығармашылыққа қалай әсер етеді? Euronews дайындаған зерттеуді оқырман назарына ұсынамыз.
Бүгінгі таңда әлем адамдарының көпшілігі кем дегенде екі тілде сөйлейді. Еуропада халықтың үштен екі бөлігі екі тілді немесе көптілді.
Виорика Мариан психолингвистика саласындағы ізашарлар қатарына кіреді: Молдавиядан шыққан америкалық профессор 1990 жылдардан бері көп тілде сөйлейтін адамдардың миын зерттеп жүр.
Ғалым «Тілдің күші: Көптілділік, тұлға және қоғам» атты жаңа кітабында мультилингвизмге қатысты ғылымның соңғы жаңалықтарын бөліседі.
«Бірнеше тілде немесе диалектіде сөйлейтін адамдар тек бір тілде сөйлейтін адамдарға қарағанда әртүрлі лингвистикалық, когнитивті және нейрондық құрылымға ие», – деп жазады Мариан.
Көптілді адамдардың миының басқаша жұмыс істейтінінің бес мысалы:
Бір адам – бірнеше тұлға
Бірнеше тілді жетік білетін адамдар көбіне тілдік жүйені өзгерткен кезде жеке басының кей аспектілері күштірек көрінетінін немесе керісінше әлсіреп қалатынын сезінетінін айтады.
Бұл жағдай Марианға да таныс: Молдовада бала кезінен румын және орыс тілдерінде сөйлеп өскен автор ғылыми жұмысты мектеп қабырғасында оқыған ағылшын тілінен басқа тілде қалай жазуға болатынын тіпті елестете алмайды.
«Ағылшын тілінде мәтін жазу мені гендерлік рөлдер қойған шектеулерден босатады. Бұл менің гендеріме қарамастан ойшыл, жазушы және ғалым болуыма мүмкіндік береді. Әрине, кәсіби аспекті де бар. Неврология және когнитивтік ғылымдар туралы румын және орыс тілдерінде жазуға сөздік қорым жетпеуі мүмкін, – деп түсіндіреді ғалым. – Бірақ жеке қарым-қатынасты да жоққа шығара алмаймын. Өйткені тіл – мәдениетті таратушы ретінде қызмет етеді. Румыния мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа мәдениеті ғылымдағы әйелдерді таныстыруға келгенде әлі де артта қалып келеді».
Мидың бір аймағы әртүрлі тілдерге қызмет етеді
Әртүрлі тілде келетін ақпарат мидың әртүрлі бөлігіне тарайды және олардың әрқайсысы белгілі бір тіл белсенді қолданылған кезде «іске қосылады» деген пікір бар. Бірақ зерттеулер бұл теорияның қате екенін көрсетті. Әртүрлі тілдер іс жүзінде мидың сол бір аймағында өңделеді. Бұл жағдайда сигналдарды мидың бір бөлігінде, бірақ әртүрлі нейронда өңдеуге болады.
Қостілді ми есте сақтауға ықпал ететін сөздер арасында байланыс құруға бейім. Мысалы ағылшын және француз тілдерінде сөйлейтін адам шеге («nail») және бұлт («cloud») сияқты бір-біріне еш қатысы жоқ сөздер арасынан байланыс тауып алады, өйткені «clou» – французша шеге.
Мультилингтер монолингтерге қарағанда креативті және ерекше ойлайды
Шығармашылықтың мәні – мидың бір-бірімен еш байланысы жоқ болып көрінетін нәрселер арасында байланыс орнатуы. Ақындардың ойына ғажап метафоралар мен оралымдар, философтарға – жаңа тұжырымдар, ал суретшілерге – революциялық техника немесе жай түстердің күтпеген үйлесімі немесе пішіндерді қолдану туралы идеялар келеді.
Көптілді адамдардың миында да осындай байланыстар көп болғандықтан олар шығармашылықты және ерекше ойлауды қажет ететін тапсырмаларды жақсырақ орындауға бейім.
«Басқа тілді үйрену сізді одан да креативті адам ете алады, бірақ шығармашылығыңызды нөлден максимумға жеткізеді дей алмаймыз. Өзіңізді қандай да бір жолмен шығармашылық жолмен көрсеткен болсаңыз, бұл сізге қосымша артықшылық береді»,-деп қорытындылады сарапшы.
Есте сақтау тұрақтылығы
Қазіргі заманғы жад теориясына сәйкес, ертеректе болған бір жайтты еске түсіргің келсе, оны сол оқиға болған тілде елестетсе тезірек еске түседі.
Мысалы, ағылшын-қытай тілдерінде сөйлейтін билингв адам біреуге басынан өткен тәжірибесі туралы ағылшынша айтып тұрған кезінде ол негізінен бұрын ағылшын тілінде айтқан фактілерге не оқиғаларға басымдық беруі мүмкін.
«Әртүрлі нейрондық байланыстар әртүрлі тілдерде жанданады, нәтижесінде жадта әртүрлі естеліктер пайда болады, – дейді Мариан. – Осылайша біршама өзгерістер болады, өйткені тіл мәдениетке, есте сақтау қабілетіне және жеке тәжірибеге тығыз байланысты».
Бұл академиялық ортада да көрінеді. Мысалы, ағылшынша-испанша сөйлейтін билингв испан тілінде не үйренгені жайында ағылшын тілінде тест тапсырса, оның нәтижесі испан тілінде алынған сынақтан гөрі нашар болады.
«Пайдалы инвестиция»
Әртүрлі тілдерде сөйлесу үшін ми орасан зор энергияны қажет етеді, бұл оны ұзақмерзімді перспективада когнитивті құлдыраудың кей түрлерінен қорғай алады.
Зерттеу көрсеткендей, бірнеше тілді білетін егде жастағы адамдардың есте сақтау қабілеті жақсы, ал популяцияға негізделген зерттеу көптілді елдерде Альцгеймер ауруы аз болатынын көрсетті.
Ғалымдар сонымен қатар екі немесе одан да көп тіл білу Альцгеймер ауруы мен деменцияның басқа түрлерінің дамуын орта есеппен төрт-алты жылға кешіктіруі мүмкін екенін анықтады.
Виорика Мариан басқа тілді үйрену – жас ұлғайған сайын ұзақмерзімді нәтиже беретін «пайдалы инвестиция» екеніне сенімді.
Дереккөз: inform.kz