Балқаш көлін дамытудың бас жоспары әзірленді
Сарқан ауданының көкөніс пен алма өсіруде, тау туризмі мен Балқаш жағалауын дамытуда, балық шаруашылығын өркендетуде мүмкіндігі мол. Дегенмен мұнда шағын және орта бизнес әлі де кең өріс ала алмай отыр. Әзірге ауданның облыс көлемінде осы саладағы үлесі небары 2,2%. Бұл туралы Сарқан ауданының халқымен кездесу өткізген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты.
«Мұнда тау туризмі мен Балқаш көлінің жағалауын дамытуға ерекше мән беріледі. Қазір «Балқаш» туристік-рекреациялық аймақ» жобасының егжей-тегжейлі жоспары дайын. Осы аймаққа жүргізілетін инженерлік коммуникация жүйелері құрылысының да жоба-сметалық құжаттары жасалды. Балқашқа апаратын жол жөнделіп жатыр. Осы шаралардың барлығы мұнда келетін туристер легін 5 есеге арттырады деп жопарланған. Балқаш жағалауында заманауи демалыс аймағын құрып, сервис сапасын көтеру үшін инвесторлар тартуды жандандыру керек. Сарқанның балық шаруашылығын дамытатын әлеуеті бар. Бірақ балық өсірумен айналысатын небары 2 шаруашылық қана тіркелген. Облыс бойынша дайындалатын Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына Сарқан ауданы да үлес қосуы тиіс», – деді ол.
Балқаш көлінің жағасына инфрақұрылым тартса, жағалауды дамытса, кәсібімізді одан әрі кеңейтер едік деген лепсілік тұрғынның да сауалы өзекті.
«Демалыс аймағына су, жарық сияқты инженерлік жүйелер жүргізуді бастау үшін алдымен сол жерге келетін инвесторларды анықтап алуымыз керек. Туристер жалпы талапшыл, кірпияз болады, сондықтан бізге тәжірибесі мол, туризм саласына маманданған инвесторларды, мәселен түрік ағайындар бар, Алакөл жағалауында жұмыс істейтін тәжірибелі компаниялар бар, соларды тарту керек. Менің орынбасарым Арслан Дәндібаев 3-4 айда бұл істі реттейді деп ойлаймын», – деді облыс әкімі.