Балалар үйлерін тексеру күшейтіледі – Үкімет
Биыл 300 балалар үйіне тексеру жүргізіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған.
«Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін республикада балалар құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесі қалыптастырылған. «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әәйелдер мен балалар құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің жұмыс тобы өткізген мониторинг нәтижелері 2019 жылдың 22 қарашасында жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ҚР Үкіметі жанындағы Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды», – деді ол.
Оның атап өтуінше, комиссия жұмысының қорытындысында жергілікті атқарушы органдарға нақты ұсынымдар берілді. Орталық мемлекеттік органдар, комиссия балалар құқықтарын қорғау бойынша қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдардағы кәмелетке толмағандардың тәрбилену, білім алу жағдайларын бақылауды қамтамасыз етеді.
«Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері 2020 жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 386 білім беру ұйымы мен 20 балалар орталыққа тексеру жүргізді. Сонымен қатар 2020 жылы Бас прокуратура ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған 76 ұйымды екі рет тексерді. Биыл бұл жұмыс күшейтіліп, өңірлік прокуратуралар мен білім беру органдарының 300 балалар мекемесін кешенді тексеруі жоспарланған. Сонымен қатар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған 116 ұйым Қаржы министрлігінің қаржылық қызмет бөлігіне мемлекеттік аудит жүргізілетін нысандар тізіліміне енгізілген», – деді Асқар Мамин.