
“Бөлінген қаржы жетпейді”. Ринат Зайытов айтыскерлер одағын министрлік есебінен қаржыландыруды сұрады
Одақта 250-ге тарта айтыскерлер мен жыршы-термешілер бар.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа сауал жолдап, айтыскерлер одағын тұрақты ғимаратпен қамтамасыз етуді және мемлекеттен қаржыландыруды ұсынды.
Қазақстанда 2012 жылы құрылған “Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінде 250-ге тарта айтыскерлер мен жыршы-термешілер бар.
“Одақ құрылғаннан бері 110 халықаралық және республикалық, 100-ден астам облыстық және аудандық айтыс өткізілді. 5 рет республикалық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Алайда, одақтың тұрақты ғимараты жоқ. Мемлекет тарапынан айтысқа бөлінетін қаржы да белгісіз себептермен толық жетпейді. Осы себепті Алматыдан айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағын тұрақты ғимаратпен және мәдениет министрлігі тарапынан жартылай тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді сұраймын”, – деді мәжіліс депутаты.