«Азия дауысы» мен «Жас қанат» ән байқаулары жанданады
Алматы әкімі бұған дейін “Азия дауысы” байқауының қайта ұйымдастырылатынын мәлімдеген болатын.
“Азия дауысы” халықаралық фестивалі” қоғамдық қорының вице-президенті Темірлан Төлегенов 2023 жылы “Азия дауысымен” қатар “Жас қанат” ән байқауын өткізуге дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
1991 жылдан бері тұрақты өткізіліп келген байқау пандемияға байланысты, яғни 2020 жылдан бастап тоқтап қалған болатын.
Темірлан Төлегеновтың айтуынша, “Азия дауысының” негізін қалаған Мұрат Ерғалиев пен Александр Понаморев пандемия кезінде өмірден озған. Ал биыл үшінші құрылтайшы “Азия дауысы”, “Жас қанат” сауда атауы мен “Азия дауысы” логотипіне қатысты барлық құқықтар қалпына келтірген.
“Алматыда “Азия дауысы” мен “Жас қанат” ән байқауларын жандандыру үшін қазір Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігімен келіссөздер жүргізу үстіндеміз. Келесі жылы атақты ән байқаулары Алматыда қайта жанданатын болады деп ойлаймыз”, – деді Темірлан Төлегенов.
Еске салайық, 13 қыркүйекте Алматының Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев “Азия дауысы” байқауын жаңғырту жоспарын хабарлап, қалада тұрақты қайталанып өткізілетін 35-тен кем емес шара болатынын айтты.