Ахмет Байтұрсынұлының медицина жайлы ойлары
«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан ақын айтқандай, қазақ халқы үшін ХХ ғасыр өте ауыр кезеңнің бірі болып есептеледі. Өйткені халықтың қаймақтары сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды. Архивтік деректерге сүйенсек, Қазақстанның өзінде 103 мыңнан астам азамат қамалып, оның 25 мыңнан астамына атуға үкім шығарылған.
Жалпы 1928–1953 жылдары солақай саясаттың кесірінен басқа ұлттарды қоспағанда қазақтар аштық пен қуғын-сүргіннен ұлттың 50 пайыздан астамын жоғалтты. Жоғарғы жақтың шешімімен Қазақстан жеріне корейлер, поляктар, еділ немістері, қырым татарлары, кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері зорлықпен қоныс аударылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай 2020 жыл 30 мамырдағы үндеуінде тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Кезінде қызыл саясаттың кесірінен репрессияға ұшырап, жазықсыз күйген небір боздақтар қайта тірілді, қазақтың сөнгені жанып, жоғалғаны табылды. Ұлтының ұлы тұлғалары қайта оралды. Солардың бірі, өз заманының ірі тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы еді. Хакім Абай, ұстаз Ыбырай, ғалым Шоқандар салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Қостанай облысы Торғай атырабындағы Сартүбек деген жерде Байтұрсын Шошақұлы шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Болашағынан мол үміт күттіретін аса дарынды Ахмет 1882–1884 жылдары әуелі көкірек көзі ояу адамдардан хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады. 1886–1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891–1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап ұстаздық қызмет атқарады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады. Үлкен өмірге араласып, жарлы-жақыбайларға тізесін батырған жуандар, байлардың әділетсіздігін көріп, оларға қарсылық білдіре бастайды. Әділет үшін күресуді мақсат тұтады. Қазақ жерін жаулап келе жатқан патшаның отаршылдық саясатын айыптайды, соған қарсы пікір білдіреді. Кейін 1901 жылдары екі сыныптық мектепте ұстаз бола жүріп, көп ізденіп, түрлі кітаптар оқиды. Қарапайым халыққа шама-шарқы жеткенше білім нұрын төгеді.
Тосыннан келген қайбір ауруларға тосқауыл бола алмаған қынадай қырылған халқының ауыр жағдайын көріп, қазақ жұртына оқыған дәрігерлердің аса қажеттігін, оларды қалайда елге келтіруді мақсат тұтады. Халықтың ескі көзқарастағы тәуіптер мен бақсы-балгерлерге, тағы басқа түрлі сауатсыз ем-домға жүгінетіні жанына батады. Арнайы медициналық білімі бар дәрігерлердің қызметі керектігін ескеріп, қазақ арасына фельдшерлік пункт ашуға атсалысады.
А.Байтұрсынұлы негізінен қалалық және селолық елді мекендерде арнайы білімі бар дәрігерлердің қызметі жақсы жолға қойылғанын және науқастанған кісі жедел түрде дәрігер көмегіне қол жеткізе алатындығын айтады. «Қазақтың басына түсіп отырған ең басты қиыншылық һәм қолайсыздық – ауыл мен қаланың алшақтығы, орыс дәрігерлері науқасты алдымен қарап, тексеріп алмай ешқандай дәрі бермейді, ал ауырып жатқан адамды жер түбінде жатқан ауылдан қалаға апару аса қиын, тіпті мүмкін емес. Қазақ ауыра қалса, не болатынын осыдан-ақ білуге болады. Бейбақ науқасқа ешбір көмексіз жату өте қиын. Ал дәрігерлік білімнен мүлде сауаты жоқ бақсыға жүгіну одан да қауіпті. Емдеудің орнына олар, керісінше, зиян келтіріп, адам өлтіруге дейін барады немесе ауруды асқындырып жібереді. Бақсыдан кейін дәрігерге қаралған науқастың айығып кетуі екіталай» деп арнайы білімі жоқтардан кейін науқасты дұрыс емдемей, уақыты озған дерт асқынып, көбіне, кеш келген білімді дәрігердің көмегіне қарамастан, науқастың өліміне апарып, қайғылы жағдаймен аяқталатынын жазады. Келе-келе дәрігерлік қызметтің алыстағы қазақ аулына жеткендігіне разы бола отырып, өзі тұратын Бестамақ болысының №4 ауылында ашылған фельдшерлік пункттің жұмысында орын алған көріністі сипаттайды. Мұнда пункт ашылысымен тұрғындар бақсы-балгерлердің ем-домына жүгінуді қойып, фельдшерге қарай ағылғанын, екінші ай ғана жұмыс істеп тұрған дәрігерлік мекемеге 200-ден астам науқас көмек сұрап келгенін жазады. Осы жұмысты жолға қойған әкімшілікке ризашылық білдіреді, – деп жазады зерттеуші Алмасбек Әбсадық.
Сөйтіп, оқыған жас Ахметтің ел ішінде батыл әрекеттерімен бедел-атағы өсе бастайды.
Кісіге таза жолдас табу қиын,
Көбін-ақ дос етеді, мал мен бұйым:
Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,
Басыңда, сірә, Ахмет, болса миың.
Ойлама, шын достарың мол екен деп,
Сөзіне ере берме, жол екен деп.
Досыңды қиын іске қайрап тұрған
Білгейсің шын дұшпаның сол екен деп» дей отыра, барлық шаруаға мұқият болып, адалдық, шындыққа жол көрсетеді.Онысы шен-шекпенділерге ұнамайды. Ол патша үкіметінің саясатына наразылық білдіруші ретінде 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан-нақақ 8 ай бойы азап тартады. Осыдан кейін әділетсіз қоғаммен күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдерін жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлының өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңі басталып кетеді. 1913–1918 жылдар арасында «Қазақ» газетінде редактор болып, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.
«А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқығандар арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді», – дейді Сәкен Сейфуллин. Оның тарихтағы орнын осылай көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланды. Қазақ қайраткеріне ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше. Кезінде оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары:
«А.Байтұрсынұлы аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі… Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы», – деп профессор А.Смайлович, Е.Поливановтар бағалы пікір айтқан. Сондықтан ұлт кемеңгерінің еңбектері әр кез ұрпақтарының жадында жаңғырып тұрары хақ.
Ақпарат дереккөзі:massaget.kz