Ауыл халқы таңдауын жасайтын күн
Алдағы жексенбі, яғни 25 шілдеде республикамыздың аумағында аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық окургтердің әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осылайша, бұл күн де тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық шежіресіне тағы бір тарихи белес ретінде жазылатын болады.
Еске сала кетейік, ауыл әкімдерін тікелей сайлау мәселесі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының маңызды тұстарының бірі. Бұл туралы Президент өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты былтырғы Жолдауында айтып, тапсырма бергені белгілі. Таяуда осыған орай өткізген кеңесте де «бұл – біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік», деп атап көрсете отырып, алдағы саяси науқанның маңызына ерекше тоқталған болатын.
Расында да, ел ішінде осы науқанға жіті дайындық жүргізілді. Әкім сайлауы өтетін ауылдар нақтыланды, олардың саны – 730. Заңнамаға сәйкес сайлауалды жұмыстар атқарылды. Ал өткен 14 шілдеде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдігіне кандидаттарды тіркеу аяқталып, ел бойынша сайлауға қатысу үшін жалпы 2582 адам өз кандидатурасын ұсынғаны, оның 2297-сі немесе 88,9%-ы қажетті тіркеуден өткені белгілі болды. Бұл туралы Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Telegram арнасында жазды. Сондағы келтірілген деректерге қарағанда, саяси партиялардан 878 адам (38,2%) ұсынылса, тіркелгендердің 1419-ы немесе 61,8%-ы өзін өзі ұсынғандар екен. Яғни әкім сайлауы ел азаматтарының тарапынан елеулі қызығушылық тудырған. Осыған орай, Қазақстан халқы бұл сайлауды да абыроймен өткізіп, әрбір сайлаушы өз таңдауын жасайды деп сенеміз.