Айыппұл бар-жоғын қалай онлайн тексеруге болады?
Оны тексеру үшін ақпараттық жүйеге ЖСН, жеке куәлік нөмірі мен берілген күнін енгізсеңіз жеткілікті.
Заң бұзған жеке тұлғаны тәрбиелеу және жаңа құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында азаматтарға әкімшілік айыппұл салынады. Көп жағдайда қазақстандықтар “Сергек” камерасына ілініп, жол-көлік қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеп жатады. Заң бұзғандарға айыппұлды 7 жұмыс күні ішінде 50 пайызын төлеу жеңілдігі қарастырылған. Одан кейін толық соманы төлеуге тура келеді. Айыппұл бар-жоғын тексерудің және оны төлеудің бірнеше жолы бар.
№1. Құқықтық статистика комитетінің ақпараттық жүйесі
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік іс-жүргізудің бірыңғай тізілімінің бұқаралық секторы сайтында “Айыппұлдарыңыз туралы біліңіз” деген бөлім бар. Айыппұлдың бар-жоғын тексеру үшін ЖСН, жеке куәлік нөмірі мен берілген күнін енгізсеңіз жеткілікті. Автокөлік иелері көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен техпаспорт нөмірін енгізіп айыппұлдың бар-жоғын тексере алады. Бұл жерде шетел азаматы да өзі туралы мәліметті біле алады.
№2. eGov порталы
Электронды үкімет порталында “Әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу” деген қызмет бар. Ол үшін порталға кіріп, ЖСН енгізесіз. Заң бұзбасаңыз сайттың жоғарғы жағында қызыл жазумен бұзушылықтар табылған жоқ деп тұрады. Ал бұзушылық табылса айыппұлдар көрсетіледі. Соларды таңдап QR-код арқылы немесе кез келген банктің картасын енгізіп айыппұлды төлей аласыз. Төлем жасағаннан кейін жүйе электронды түбіртек береді.
eGov mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, “Әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу” деген қызметке кірсеңіз автоматты түрде айыппұлдың бар-жоғын көрсетіп береді.
№3. Post.kz
Қазпоштаның post.kz сайтында “Төлемдер” айдарында “Айыппұлдарды тексеру және төлеу” деген қызмет бар. Алдымен аймағыңызды көрсетіңіз. Содан кейін осы қызметті таңдаңыз да, айыппұлдарды төлеу батырмасын басыңыз. Жаңа бетте телефон нөміріңіз не логин арқылы сайтқа кіруді ұсынады. Аккаунтыңыз болмаса телефон нөмірі, ЖСН, құпия сөз енгізіп тіркеліңіз. Сайтқа кірген соң ЖСН, БСН, көліктің мелмекеттік нөмірін, паспорт пен аты-жөнін (шетел азаматтары үшін) теріп айыппұлдың бар-жоғын тексеріп, бар болса банк карталары не онлайн-банкинг қосымшалары арқылы онлайн төлей аласыз.
№4. Банк қосымшалары арқылы
“Халық банктің” Homebank қосымшасында “Төлемдер” бөлімінде айыппұлдардың бар-жоғын тексеріп, төлей аласыз. Айыппұлды ЖСН, автокөліктің мемлекеттік нөмірі, паспорт нөмірі мен аты-жөні (шетел азаматтары үшін), БИН арқылы тексеруге болады.
Kaspi.kz қосымшасының “Төлемдер” қызметінде “Айыппұл, салық” деген бөлім бар. Сізден ненің ақысын төлейсіз деп сұрайды. Мұнда ЖСН, көліктің мемлекеттік нөмірін не БСН енгізу арқылы айыппұлдарды тексересіз.
Forte Bank қосымшасында да “Төлемдер” деген қызметте “Айыппұлдар” деген бөлім бар. Бұл жерде ЖСН, БИН, көліктің мемлекеттік нөмірі, паспорт пен аты-жөні (шетел азаматтары үшін) арқылы айыппұлдың бар-жоғын тексеріп, төлем жасауға болады.
“Банк Центр Кредит” қосымшасында “Төлемдер” қызметінде “Айыппұлдар мен бюджет төлемдері” деген бөлім бар. “Айыппұлдар” қызметін таңдасаңыз жүйе автоматты түрде ЖСН, жеке куәлік нөміріңіз бен берілген күнін шығарып береді, яғни басқа қосымшалар секілді жеке деректеріңізді теріп әуре болмайсыз. Құжатыңызды сканерлеуге де болады.
Сондай-ақ, бұл қызмет Jusan Bank, “Еуразиялық банк”, “Береке банк”, “ВТБ банк”, Nurbank секілді банктердің қосымшаларында бар.
Айыппұлды әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей төлеу керек. “Әкімшілік құқық бұзушылық” туралы кодекске сәйкес, бұзушылық тіркелген сәттен бастап азамат 7 күн ішінде айыппұлдың 50%-ын ғана төлесе болады. Бұған мереке және демалыс күндері кірмейді. Мысалы, 16 қаңтарда айыппұл салынса және хаттама берілсе, онда азамат 17 қаңтар мен 25 қаңтар аралығында жеңілдікпен төлей алады.
Айыппұлды уақытында төлемесеңіз қаулы немесе ұйғарым мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушысына жолдануы мүмкін. Мұндай жағдайда айыппұлдан бөлек сот орындаушысының шығындарын да төлеуге тура келеді. Сонда да төлемей жүрсеңіз онда сот жұмыс орныңызға айыппұл сомасын жалақыңыздан мәжбүрлеп ұстап қалу туралы өтініш бере алады. Сондықтан айыппұлды кешіктірмей төлеп жүріңіз.