Адамның дербес деректеріне не жатады?
Әлеуметтік желіде бөліскен кез келген ақпарат алаяқтардың басты құралына айналуы мүмкін. Кейбірі оның тек адамның жеке басына қатысты дербес дерек екенін аңғармай таратады. Енді бірі білсе де, оның салдарына мән бермейді. Бүгін сіздермен дербес деректер деген ұғыммен бөлісіп, оны қалай сақтауға болады деген сұраққа жауап береміз.
Дербес деректер деген не?
Дербес деректер дегеніміз адамның жеке басына қатысты кез келген ақпарат. Ол бірнеше түрге жіктеледі: жалпы, арнайы және биометриялық.
Жалпы дербес деректер:
Адамның аты-жөні, паспорт нөмірі, ЖСН, туған жері мен күні, электронды почтасы, отбасылық, әлеуметтік және мүліктік жағдай, оқу және жұмыс орны, сонымен қатар жалақысы адамның жалпы дербес деректеріне жатады.
Ұялы телефон нөмірімен адамның есімі байланысқан болса ғана, ол дербес дерек тізіміне кіреді. Ал есімі көрсетілмей, жай ғана сандар жиынтығынан тұрған жағдайда оны дербес дерекке жатқыза алмайсыз.
Көліктің мемлекеттік нөмірінің адамға қатысы жоқ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нөмірі де мүлікке қатысты болғандықтан, ол дербес деректер қатарына кірмейді.
Жоғарыда аталған дербес деректерді сіздің келісіміңізбен өңдей алады. Кей жағдайларда ғана сіздің келісіміңіздің болуы шарт емес.
2. Арнайы дербес деректер:
Адамның нәсілді және ұлттық ерекшеліктері, саяси, діни және пәлсапалық сенімі, денсаулық жағдайы мен жыныстық өмірі туралы ақпараттарды арнайы дербес деректерге жатқызамыз.
Арнайы дербес деректерді тұлғаның рұқсатынсыз өңдеуге болмайды. Дегенмен:
— өзіңіз туралы ақпаратты өңдеуге және пайдалануға жазбаша түрде келісім берген жағдайда;
— медициналық көмек көрсету мақсатында рұқсат алған жағдайда; бірақ сіз деректерді пайдалану туралы келісімшартқа қол қоймасаңыз да, олар сізге медицианлық көмек көрсетуге құқылы.
— сақтандыру мақсатында өңдеу;
3. Биометриялық дербес деректер:
Адамның жеке басын анықтау барысында қолданылатын физикалық және биологиялық ерекшеліктерін биометриялық дербес деректерге жатқызамыз. Оған ДНҚ, дауы, саусақ іздері, суреттер, бой және салмақ кіреді.
Биометриялық дербес деректерді мемлекеттік ұйымдар жемқорлық, терроризм сынды ақпараттарды жинақтару барысында ғана келісімсіз өңдеу алады. Қалған жағдайда тұлғаның жеке келісімі керек болады.
Дербес деректерді өңдеу дегеніміз не?
Дербес деректерлі өңдеу дегеніміз онымен жасалатын кез келген әрекет: жинақтау, жазу, жүйелеу, жаңарту, өзгерту, пайдалану, тарату, бұғаттау, өшіру және жою.
Мысалы:
– Жұмыс берушімен еңбек келісімшартына отырдыңыз. Өзіңіздің құжаттарыңызды кадрлар бөліміне бердіңіз, сол жерде сіздің жеке ақпараттарыңыздан тұратын жаңа құжат ашады. Жұмыс беруші жеке деректерді жинап, оны тіркеп және сақтады.
– Жұмыс беруші сіз туралы ақпаратты визитка шығару үшін баспаға берді: ол дербес деректерді таратты.
Дербес деректерді қорғау үшін не істеу керек?
Бүгінде дербес деректерді ұрлау және оны бұрыс жолда қолдану әлдеқайда жеңілдей түсті. Оған себеп — әлеуметтік желі мен интернет-дүкендердің дамуы. Ғаламтор қолданушысы өзі туралы ақпаратты жүктей отырып, оның енді дербес ақпараты жекеменшік емес, жалпыға ортақ болатынын түсінгені абзал. Дербес деректерді қорғау үшін мамандар мынадай кеңес береді:
– Интернеттегі барлық парақшаңызға сенімді әрі қиындау құпиясөз қолданғаныңыз жөн. NordPass мамандары қолданушылардың 10%-ы құпиясөздердің ішіндегі ең жеңілін қолданатынын айтқан. Мысалы, “123456”, “password”,”qwerty”.
– Әлеуметтік желіге тіркелген жағдайда өзіңіз туралы артық ақпарат бермеуге тырысқаныңыз жөн. Аты-жөніңіз, телефон нөміріңіз алынады тіркелу барысында алынады. Бірақ сізде байланыс нөмірді көрсету не көрсетпеу қызметін таңдауға мүмкіндігіңіз бар. Жұмыс орныңыз, мекенжайыңызды жазбаңыз.
– Тұтынушы келісімшартын оқығаныңыз жөн. Әдетте жеңілдіктер болады деп дүкендер сізден қағаз толтыруды сұрайды. Кейін ұялы телефоныңызға жарнамалар келіп тұрады. Оны компаниямен байланысу арқылы тоқтата аласыз. Кез келген ақпаратты жазбастан бұрын, мәтінмен толықтай танысып шығыңыз.
– Банк картасының нөмірін, құпиясөзді және CVC/CVV кодын жазған кезде сақ болыңыз. Міндетті түрде браузерді өшіріп, тазалаңыз. Бұндай деректердің сақталуына келісім бермегеніңіз абзал.
– Кез келген сайт сіз парақшаға өткен бойда cookie құжаты қолданытынан хабар береді. Егер бұған келіссеңіз, демек дербес деректерді пайдалануға өз келісіміңізді бердіңіз деген сөз.
– “Банк қызметкерімін, сізге кибер шабуыл жасалды” деп басталатын алаяқтық істер жиі тіркеліп жүр. Бұндай жағдайда ешбір ақпарат берместен, байланысты үзіңіз. Аталған банктің ресми байланыс нөміріне телефон шалып, анығын біліңіз.
Өзіңіздің құқығыңызды біліңіз және алаяқтардан сақтаңыз.