Ақын Мұхтар Шахановқа “Қазақстанның Еңбек ері” атағы берілді
Мұхтар Шахановтың кеудесіне төсбелгіні президент Қасым-Жомарт Тоқаев тақты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың барысында құрылтай мүшесі, ақын Мұхтар Шахановты “Қазақстанның Еңбек ері” атағымен марапаттады.
“Шәмшіні халқымыз “Қазақ вальсінің королі” деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі. Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын беру туралы жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұхтар Шаханов өзінің жылы лебізін білдіріп, қазақ тіліне ерекше мән берген мемлекет басшысына алғыс айтты.
Ақорда сайтында президенттің Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын беру туралы қаулысы жарияланды.
“Қазақ әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін жазушы Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен “Отан” ордені тапсырылсын” делінген қаулыда.