Ақбөкен әлемі туралы альбом
Астанада киіктер туралы алғашқы ғылыми-танымдық мәліметтерді қамтитын «Aqboken Saiga tatarica» атты фотоальбомының таныстырылымы болды.
Кішкентай кезімізде ата-әжелеріміз күнде жатарда неше алуан ертегілер айтып беретін. Әлдебір ертегіде бір топ жез киік жайылып жүреді, соның ішінде бір шұбар киік болады. Бұрын-соңды мұндай жануарды көрмеген бала қиялымызға қанат бітіретін. Есейіп ержетіп, ел, жер көрдік. Бірде Атбасар ауданынан Астанаға келе жатқан пойызда Арқаның апайтөс даласына телміріп отырған едім. Теміржолға тым жақын, бір жықпылдан жез секілді жарқыраған екі жануар шыға келді. Жер танабын қуырып келе жатқан алып темірді көрді де олар жазық далаға қарай жорта жөнелді. Баяғыда ата-әжелеріміз ертегіде айтатын жез киік – дәл сол бала қиял елестеткен сұлу жаратылыс. Бұл менің киелі киік жануарын алғаш көруім еді. Бұдан кейін өткен жылы қыста Қарағанды өңіріндегі Балықты көлдің жағасынан ақбөкенді көрдім. Текесі екен. Жалғыз қалып қойыпты. Білетіндердің айтысына қарағанда, бұрын аязы қатты Арқа төсінде ақбөкен қыстап қалмайды, жылы жаққа маңып кететін болған. Мамандар мұны «киіктер теміржолдарға қамалып, діттеген жерге жете алмай қалады» деп түсіндіреді.
Ақбөкен немесе киік (латынша Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты түз жануары. Қазір ақбөкеннің көп бөлігі қазақ даласында, ал Ресей мен Моңғолияда аз ғана популяциясы сақталыпты. Елімізде ақбөкендердің бір-бірінен жеке-дара бөлінген Бетпақдала-Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық деген топтары мекендейді. Киік – қазақ топырағының киесі. Аустралия десе – кенгру, Қытай десе – панда елестейтіні секілді киіктер еліміздің бір ерекшелігі іспетті. Сондықтан оны зерттеу, ерекше қамқорлық таныту – елдігіміздің белгісі іспетті. Қазір оның алғышарттары жасала бастады десек те болғандай. Соның бір көрінісі – жаңадан жарық көріп отырған қолымыздағы ғылыми-танымдық мәліметтерді қамтитын фотоальбом.
Елордадағы Nur Alem павильонында болған айтулы іс-шараға министрліктердің өкілдері, ұлттық компаниялардың басшылары, эколог-ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Фотоальбомды шығару бастамасын техника ғылымдарының докторы Қайыргелді Қабылдин көтерген. Оның айтуынша, қазіргі қоғамның ақбөкен туралы білетін мағлұматы мардымсыз. Көбі ақбөкен жаппай қырылған кездегі жаңалықтарды, браконьерлікке байланысты ақпараттарды ғана біледі.
Ал сарапшылардың айтуынша, елімізде киік туралы толыққанды мағлұматтарды қамтитын, әсіресе, қазақ тілінде жарық көрген ғылыми-танымдық еңбек жоқтың қасы. 1982 жылы киік туралы зерттеулер негізінде дайындалған «Сайгак в Казахстане» кітабы шығыпты. Бұдан өзге толымды еңбекті майшаммен іздесең де табу қиын көрінеді.
– «Aqboken Saiga tatarica» фотоальбомы ең әуелі осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтты. Онда фотосуреттерге басымдық беріліп, ғылыми-танымдық мәліметтер қысқа да нұсқа баяндалған. Ақбөкеннің шығу тегі, ежелгі һәм қазіргі таралу географиясы, биологиялық ерекшеліктері, экожүйедегі орны және қазіргі төніп тұрған сын-қатерлер сияқты тақырыптар қамтылған, – деді Қ.Қабылдин.
Фотоальбом қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде 1 мың данамен жоғары сапада басылып шықты. Ақбөкен – Еуразия даласында Плейстоцен дәуірінен бері тіршілік етіп келе жатқан, жер бетінен жойылып кеткен зілдердің (мамонт) көзін көрген ең ежелгі жануарлардың бірі. Оған кейінгі жүз жылдықта бірнеше рет жойылып кету қаупі төнген.
– Мұндай құнды еңбектің жарық көруіне түрткі болған экобелсенділерге, журналистерге, экологиялық ұйымдардың басшыларына алғыс айтуымыз керек. Шын мәнінде, бұл мәселе айтылмаса киіктерді аман сақтап қалу қиын болар еді. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап қалу туралы айтқан еді. Міне, осыған қаржы бөліп, қамқорлық жасап жатқан Каспий құбыр консорциумының бұл еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет. Мұндай игі бастама басқа да консорциум, компанияларға үлгі болуға тиіс. Бұл фотоальбом біз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін құнды жәдігер болмақ. Киіктерді жойылып кетуден сақтап қалдық, енді оның ғылыми жұмыстарын күшейту керек. Шаруашылыққа зиян келтірді деген желеумен киіктерді орынсыз қырып, табиғаттың заңына қол сұғуға болмайды. Онда табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады, – деді қоғам қайраткері Дархан Мыңбай.
Фотоальбомға Абдуазиз Мадьяров, Алена Рыжова, Александр Федулин, Виктор Тяхт, Димитрий Ругис, Евгений Полонский, Ерболат Шадрахов, Игорь Шпиленок, Клаус Нигге, Мейірбек Тажкуранов, Мереке Жұбанияз, Николай Денисов, Ростислав Машин, Салтөре Сапарбаев және әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров қатарлы фотографтардың фотосуреттері енгізілген. Сонымен қатар «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер суретшісі, белгілі карикатурашы Айдарбек Ғазизовтің қылқаламынан туған туындылары да фотоальбомнан орын алған.
Фотоальбомның редакторы, журналист Айбын Шағалақтың айтуынша, елімізде мұндай жан-жануарларды түсіретін кәсіби фотографтар жоқтың қасы. Сондықтан шетелдік фотографтардың еңбегіне жүгінуге тура келгенін айтады.
«Бұл фотоальбомды әзірлеуге бір жылдай уақыт кетті. Бұл еңбекке зор септігі тиген адам – кезінде National Geographic журналының грантын ұтып алып, киіктерді зерттеген неміс фотограф-ғалымы Клаус Нигге. Фотоальбомға ол кісінің көптеген фотосуреті енді. Бұл қайырымдылық жоба болғандықтан 1 мың данамен ғана шықты. Фотоальбом кітапханаларға тегін таратылады», дейді ол.
Табиғатпен етене тіршілік еткен халқымыз даланың осы бір сүйкімді де сұлу жануарын ежелден қадірлеп, киелі санады. Ән мен жырына қосты, аңыз-әпсанасына арқау етті.
«Бұл жоба дер кезінде, дәл уақытында қолға алынып, жарық көріп отыр. Мұнда біз ақбөкендердің санын сақтау және қалпына келтіру үшін қандай күш-жігер жұмсалғанын атап өтуіміз керек. Фотоальбом ел тарихының бір бөлігі болады деп ойлаймын», деді Қазақстан биосаналуандықты сақтау қауымдастығының директоры Вера Воронова.
Фотоальбомға Германияның Табиғат және биоалуандықты қорғау одағы (NABU) еуразиялық жұмыс тобының төрағасы Тиль Дитрих және Қазақстан Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Ю.Грачев сынды ғалымдар пікір жазып, оң бағасын берді.
Мамандардың зерттеуінше, ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық ландшафтта тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына байланысты. Ақбөкен жұптұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың бірінші жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Киіктер көбіне екі-үштен төлдейді. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен аса түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – «екі аяқты қасқырларды» қоспағанда, қасқыр, бүркіт және қарақұстар.
Елімізде 1921 жылы ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957-1958 жылдары олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жыл бойы тұқымын сақтап қалды. Ақбөкендердің өмірге өте бейімділігі, өсімталдығы болмаса, ежелгі мамонттармен бірге құрып кетер еді дейді мамандар. Оқырманға жол тартқан қолымыздағы фотоальбом осындай мағлұматтарымен үлкенді-кішілі оқырман қауымға құнды болмақ.