Хабар

Ай сайынғы несиені төлеуге ақша жоқ болса не істеуге болады?

Кредит алып жатқанда көпшілігіміз көрпемізге қарай көсіліп, көтере алатындай шоқпарды ғана белге байлаған болып, төлей алатынымызға сенімді боламыз. Дегенмен өмірде сан түрлі жағдай болады. Күні кеше айлық төлемді еш қиналмай төлеп жүрген адам бүгін қиын халге душар болып қалуы мүмкін. Алдағы бірнеше айда қаржылық ахуалды түзей алмайтындай болса, кредитті не істеуге болады? Осы туралы “Курсив” сайты бірнеше кеңес әзірлеген екен. Кәдеңізге жарасын!

Банкпен арада мәміле керек

Басыңызда кредит болып, оны төлемей жатқаныңыз үшін менеджер хабарласса, одан қашпаңыз. Осыны жақсылап жадыңызда сақтап алыңыз. Себебі жауапкершіліктен қашқан клиенттің күнін қараң ету қаржы ұйымына ештеңе емес. Соңында соттасып, артық шығынға батып кетуіңіз ғажап емес. Әрі кешіктірген әр күн үшін қосылатын өсімақы тағы бар. Сол себепті жағдайыңызды түсіндіру үшін алғашқы қадамды өзіңіз жасап, банкке барыңыз. Қарызыңызды ғайыптан тайып ұмытып кетеді, кешіре салады, өсімақы қосуға ұмытып кетеді деген — бос үміт. Әрине, сіз келді екен деп құшақ жая қарсы алып, пайыз қоспай не кредитіңізді жаба салмасы анық. Дегенмен мұндай жағдайда екеуара мәмілеге келу жолдарын сұрастырып, бірнеше айға шегерім жасату секілді нұсқаларды қарастырып көріңіз.

Мысалы, төлемді бірнеше айға шегеру деген бар. Мұнымен былтыр карантин кезінде қазақстандықтар етене жақын танысқан болар. Әдетте мұндай нұсқа клиенттің өте ауыр жағдайға тап болған кезінде қарастырылады. Көбіне банктің келіспеуі де мүмкін. Өйткені үш не алты ай бойы төлем алмау ақша айналымына әсер ететіні белгілі. Десе де, жалпы сомадан банк ешқандай ұтылмайды. Мұнда кесірін көретін өзіңіз боласыз. Себебі шегерім алу деген — сол төлемеген айларды келесі айлардағы төлемдерге қосып, нәтижесінде бұрынғыдан көбірек сома төлеп отыруға міндеттеуді білдіреді. Сондықтан соңғы амалы осы дегенде ғана қолданған жөн. Әйтпесе, айына 120 мың теңгені төлеудің өзіне қиналған адамға үш айдан кейін 150 мың теңге қылып төлеу оңайға соқпасы анық. Бұл енді жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жағдай.

Бұдан бөлек, қарызды қайта құрылымдау әдісі бар. Яғни банкпен келісе отырып, кредит шартын қайта қарастырып, төлемді азайтуды сұрау. Бұл да батпанқұйрық емес. Себебі төлемді азайтса, сәйкесінше мерзімі ұзартылады. Мәселен, кредитті 5 жылға рәсімдеген болсаңыз, қайта құрылымдау арқылы 7 жылға соза аласыз. Сонда ай сайынғы төлем азаяды. Айтпақшы, мерзімнің шегі бар. Оны да банк белгілеп, нақтылап айтады.

Қалай келісуге болады?

Банк бөлімшесіне барардан бұрын шегерім не шарттарды қайта қарауға негіз болатын барлық құжатты жинап апарыңыз. Жұмыстан шығып қалсаңыз, сол туралы анықтама немесе ауырып қалсаңыз, тиісті еңбекке жарамсыздық парағын дегендей. Яғни осы күнге дейін төлеп келе жатып, неге төлей алмай қалғаныңызды құр сөзбен емес, нақты дәлелмен түсіндіре алсаңыз дұрысырақ. Сонымен бірге бос уәде беруден аулақ болыңыз. Егер келесі айда төлей алмауыңыз мүмкін болса, «бәрін қатырамын» деп сендірген жөн емес.

Бір кредитті жабу үшін екіншісін алған дұрыс па?

Көпшіліктің қолданатын тәсілі десек, артық болмас. Себебі ақшадан тарыққанда осыдан өзге амал жоқ деп, келесі айда бір реті болар деген үмітпен айлық төлем үшін кредит алып жататындар бар. Мұны енді аса ұтымды шешім деуге келмес. Өйткені мойныңызға артылған жүк салмағы ауыр тарта түседі. Сондай-ақ, сізге несие беру-бермеуі белгісіз. Екінші деңгейлі банктердің есігі тарс жабылғанда кейбірі микро қаржы ұйымдарынан қарыз алып жатады. Мақұлдау ықтимал жоғарырақ десек те, қарыздың аты — қарыз. Пайызы да көбірек болған сайын сізді тұңғиыққа батыра беретінін ескеріңіз.

Төлемесем, не болады?

«Амалым қанша?» деп қанша жерден өлердегі сөзіңізді айтсаңыз да, банктің кредитті түбегейлі кешіре салуы мүмкін емес. Ал енді оған қоса ашуына тиіп, жоқ болып кетсеңіз, жағдай тіпті қиындайды. Коллекторлар хабарласып, сізді ала алмаса, тума-туысыңызды түгендеп кетеді. Негізі қарызды қайтармай жатсаңыз, банк ақшаны сот арқылы талап етуге әбден құқылы. Сот істі қарап, қарыз сомасын белгілеп, есептейді. Мұндайда тығырыққа тірелген клиент жағдайын түсініп, оған да жеңілдеу шартпен төлеуге мүмкіндік беруі ғажап емес. Мысалы, қарызды бірден емес, бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етеді. Дегенмен істі сотқа апармай, бұл туралы екеуара шешкен әлдеқайда оңайырақ. Бұл жүйкені де, уақытты да, ақшаны да үнемдейді. Ақшаны дейтін себебіміз — іс сотқа дейін жетсе оның шығыны мойныңызға артылады. Сөйтіп жағдайыңыз тіпті ауырлай түседі.

Банк алдымен қарызды менеджерлері арқылы сұратады. Кейін тәртіпсіз клиент екеніңізді байқағанда іске коллекторларды қосады. Ал олардың бар шаруасы — қарызды қалайда қайтаруды талап ету. Сөйтіп мазаңызды алып, күніне бірнеше мәрте хабарласады. Елімізде коллекторлық агенттік қызметкерлерінің мәдениетсіздігіне қатысты сын жиі айтылады. Әйтсе де, заң аясында олардың сізді қорқытып, қоқан-лоққы көрсетуге еш құқығы жоқ екенін ұмытпаңыз. Бұдан да нәтиже шықпаса, әрмен қарай іс сотқа кетеді. Сот шешімі шыққаннан кейін де қолды сілтеген күйі жүре берсеңіз, банк есепшоттарын бұғаттап не мүлкіңізді тәркілеуі мүмкін. Сондай-ақ, борышкерлер тізіміне енгізіп қойса, шетелге шыға алмай қаласыз. Кредитті кепілдікпен алған болсаңыз, сол кепілдікке қойған мүліктен айырылып қалу ықтималы жоғары. Себебі әу баста кредит алғанда өзіңіз келіскенсіз.

Банкрот болу тығырықтан шығар жол ма?

Бұл енді шарасыздықтың шегі десек болатын шығар. Дегенмен банкрот деп жариялаған бойда қарыз мойныңыздан алып тасталады деп ойламаңыз. Негізі бұл әдіс үй өртеніп, бүкіл мүлік тәркіленіп, аурудың кесірінен мүлдем жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғанда жасалады. Бұл жағдайда сіздегі бар мүлік саудаға салынады. Тіпті төленіп бітпеген, жалғыз ғана үйіңіз болса да тартып алынады. Былайша айтқанда, қалтаңыздағы соңғы тиынға дейін санап бересіз. Әрі мұның бір жаманы елден шығуға тыйым салынып, басшылық қызметке болашақта тағайындатпайтын, кредит бергізбейтін етіп тастауы мүмкін.

Енді қайтсе болады?

Негізі қарапайым ережелерді ескерсеңіз, мұндай жағдайлардың алдын алуға болады. Әрине, айтуға оңай. Десе де, елеуге тырысқаныңыз өзіңізге жақсы. Ең алдымен, шама-шарқыңызды дұрыс бағамдаңыз. Әу баста айтқанда, көтере алмайтын шоқпарды белге байламаңыз. Аса қажет болмаса, кредит алудан аулақ болған дұрысырақ. Осы ретте мынадай ұсыныс айтуға болады:

• Кредит төлемдері табысыңыздың 30 пайызынан аспайтын сомада болғаны жақсы. Сөйтіп қалған 70 пайызы өзге де міндеттемелер мен керек-жараққа, жинауға жетуі керек. Ол үшін, әрине, көбірек табыс табуға ұмтылған дұрысырақ болады. Отбасылы болсаңыз, бюджет жоспарлау тіпті маңызды.

• Кем дегенде үш айлық жалақының көлеміндегідей жинағыңыз болсын. Бұл өмірде болуы мүмкін түрлі келеңсіздіктерден оңай өтуге мүмкіндік береді.

• Сақтандыру мәселесіне бей-жай қарамаңыз. Себебі сізге бірдеңе бола қалса, сақтандыру компаниясы шарттарына байланысты банк алдындағы қарызыңызды төлеуге көмектеседі.

• Кредитті қиналмай төлеп жатқан күннің өзінде қолды қалтаға салып қойып, жүре бермеңіз. Барынша жағдайды жақсартуға тырысқан жөн. Мәселен, басыңызға күн тумаса да, кредитіңізді қайта қаржыландыру тәсілін байқап көрсеңіз болады. Кейде банктер төмен пайыздық мөлшерлемемен қайта қаржыландыруға ұсыныс тастауы мүмкін. Мұндай жаңалықтардан хабардар болып жүрген артық болмайды. Құлақ түрік жүрсін! Егер осындай хабар ести қалсаңыз, ұсынысты құр жібермей, кредит бойынша төлемді жеңілдетіп ала аласыз. Ол үшін сол банктен не өзге қаржы ұйымынан пайызы төмендеу шартпен кредит алып, қазіргіні жабасыз.

• Несиелердің басын біріктіретін тәсіл бар. Егер бір басыңызда бірнеше кредит болса, қосуға болады. Сонда айына бір рет қана, бір жерге төлейтін боласыз. Өйткені бүгінде бес жерден кредит алып тастап, бес түрлі уақытта, бес түрлі банкке баруға мәжбүр болып жүргендер бар. Кредиттерді біріктіру жолын банкке барып нақтылау қажет. Себебі бәріне бірдей бұл әдіс келе бермеуі мүмкін. Мысалы, төлемді кешіктіретін клиенттерге бұған рұқсат берілуі сирек. Дегенмен байқап көруге не кедергі?! Бастысы, қарыздың батпағынан шығуды ойлап, саналы қадамдар жасау. Әйтпесе, кредит адамды терең тұңғиыққа тартып кете береді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button