Хабар

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібі қаншалықты қатаңдады

Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырудың тәртібі қатаңдатылып жатыр. Сол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа қондырғылармен жабдықталып отыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары жүргізуші куәлігін рәсімдеу ісінде тамыр-таныстық факторын қалай жоятынын айтты.

Нұр-Сұлтан қаласының №1 мамандандырылған ХҚО жүргізуші емтиханын тапсырушыларды биометриялық жүйе арқылы қалай қабылдауға болтанын көрсетілді, Жаңа биометриялық қондырғылардың артықшылығын «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Әділ Қожықов баяндады.

Айтуынша, жүргізуші куәлігін «сатып алу» жағдайлары анықталғаннан кейін мемлекеттік корпорация емтихан тапсыру тәртібін күшейткен. Яғни, теориялық емтихан кезінде арнайы биометриялық жүйе енгізіліп отыр.

«Біз бұл үдерістің ашық болуы үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жүйенің тиімділігін кезең сайын тексеріп отырамыз. Жақында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин келіп, тексеріп кетті. Жүйенің құйтырқы әрекеттерге қаншалықты сергек қарайтынын тексеру үшін «құпия сатып алушы форматында» тексеру жүргіземіз. Биометриядан бөлек автодром жабдықтарын жаңарту жұмысы жүргізілді», – деді Әділ Қожықов.

Оның мәліметі бойынша, Нұр-Сұлтандағы пилоттық жоба тиімділігін көрсетсе, келесі жылы өңірлердің бәріне осындай жүйе енгізу жоспарланған.

«Ескі датчиктер үнемі бұзылып қалатын. Өйткені емтихан кезінде адамдар белгілерді қағып, шекаралардан шығып кетіп жатады. Зақым келген белгілерді жөндеу үшін автодромның жабық тұратын кезі көп болды. Енді мұндай проблема болмайды», – деді Әділ Қожықов.

IT-инфрақұрылым департаментінің директоры Марат Тұрсыновтың айтуынша, бұрын теориялық емтихан кезінде тапсырушы тек жеке куәлігін көрсетсе, енді арнайы биометриялық жүйенің тексеруінен өтеді.

Сонымен қатар, компьютерге бейнекамера орнатылған.

«Желтоқсан айының басында елордадағы №1 мамандандырылған ХҚКО-да жаңа GPS-жүйесі бар автоматтандырылған автодром іске қосылды. Яғни енді емтихан тапсырушының көлікті қаншалықты ережеге сай айдағанын құрылғы анықтай алады. Осындай шаралардың арқасныда мамандандырылған ХҚО-ларда жүргізуші куәлігін сатып алу мүмкін болмайды. Бұрын емтиханға бөтен адам кірргізу жағдайлары болған. Биометриялық бақылау оның да жолы кесіп отыр. Емтихан кезінде тапсырушы бес рет биометрияның растауынан өтуі керек. Алдағы бір-екі айда бұл жүйе бүкіл өңірлерде болады. Осылайша «адам факторы» жойылады», – деді Әділ Қожықов.

Маманның айтуынша, биометрия жүйесі іске қосылғаннан бері №1 мамандандырылған ХҚО арқылы жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырушылардың саны сиреп кеткен.

«Жабдықты жаңартқаннан кейін мамандандырылған ХҚКО-ларға теориялық және практикалық емтихандарға келетін адамдардың саны күрт төмендеді. Қателеспесем, қазір орташа есеппен күніне он шақты адам жүргізуші куәлігін алады. Бағдат Батырбекұлы (Мусин – ред.) жүйені алдауға болатынын жария түрде дәлелдегенннен кейін материалдар уәкілетті мемлекеттік органдарға берілді. Нақты санын айту қиын, бірақ мұндай жағдайлар болды. Әшкере болған адамдардың бәрінен жүргізуші куәлігін қайтарып алдық», – деп сендірді «Азаматтарға арналған үкімет» басқармасының төрағасы.

Емтихан тапсырудың жаңа тәсілі тиімді екенін статистикалық мәліметтер де растаған көрінеді.

2021 жылдың қараша айында 1989 адам елорданың мамандандырылған ХҚО-ларына жүргізуші куәлігін алу үшін жүгінген.

Оның 1003-і теориялық емтиханнан, 887-сі көлік айдау емтиханынан құлаған. Тек 99 адам екі емтиханды да сәтті тапсырып жүргізуші куәлігін алған.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button