Импорт: Қай өндіріске көбірек тәуелдіміз?
Экспорт ақша әкелсе, импорт шығын әкеледі. Көптеген елдің импорт пен экспорт көлемін теңестіруге тырысатыны да сондықтан. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі барлық қажетті тауар мен қызмет көрсету түрлері бір ғана мемлекеттен табылуы екіталай. Осылайша, дүние жүзіндегі елдер өзінде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүр. Қазақстан да импортқа тәуелді. Бұрын бізде импорт өсімі аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының есебінен болса, қазір халық тұтынатын тауарларды сырттан әкелу басым түскен.
Қазақстанның Ұлттық банкінің мамандары жақында тауар импортына қатысты мәліметтер жариялады. Олардың дерегі бойынша, бүгінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты артып отыр. «Жыл басынан бері біз тұтыну тауарлары импортының өткен жылға қатысты да (2020 жылдың 9 айына +21%-ға) және пандемияға дейінгі 2019 жылға қатысты да (+27%) өскенін байқадық. Импорт құрылымындағы халықтық тұтыну тауарларының үлесі де 2020 жылдың 9 айындағы 25%-дан биыл 30%-ға дейін өсті. Өздеріңізге мәлім, тұтыну тауарлары импорты азық-түліктен (үлесі – 28%) және азық-түлікке жатпайтын (үлесі – 72%) өнімдерден тұрады», дейді Қазақстан Ұлттық банкі төлем балансы департаментінің сыртқы секторды талдау басқармасының бастығы Меруерт Алмағамбетова.
Қаңтар-қыркүйек айларында азық-түлік тауарларының импорты 11%-ға өсіп, 2,4 млрд долларды құраған. Сырттан әкелінген азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі сусындар (141 млн доллар), ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (134 млн доллар), қант (119 млн доллар), шоколад (109 млн доллар) және құс еті (104 млн доллар). Сусындар негізінен Ресейден, жаңғақтар – Қытай мен Ираннан тасымалданса, Ресей мен Беларусьтен – шұжықтар, Норвегиядан – мұздатылған балық, Эквадордан – банан, Ресейден ұннан жасалған кондитерлік өнімдер әкелінеді. Бұл тауарлардың импорты 2019 жылға қарағанда да өскен.
“Импорттық азық-түлік өнімдерінің негізгі жеткізушісі – Ресей. Ол жақтан шетелдік азық-түлік өнімдерінің жартысы импортталады. Басқа импорттаушы елдердің ішінде Өзбекстанның үлесі – 7,4%, Беларусь пен Қытайдың үлесі 5% және 4,9% аралығында”, – дейді М.Алмағамбетова.
Жалпы, жоғарыда айтқан азық-түлік өнімдері біздің елде де өндіріледі. Бірақ ел аумағын толық қамти алмай отыр. Сондықтан импортқа иек артуға мәжбүрміз. Мысалы, қант, шұжық, ірімшік, сүзбе, алма, маргарин сияқты тауарлар отандық өндірісте жеткілікті мөлшерде өндірілмейді. Оның үстіне сырт елдер өнім түрлерін көбейтіп, оның бағасын арзан қою арқылы да елімізді қызықтырып тұр.
Ұлттық банктің хабарлауынша, биыл азық-түлікке жатпайтын тауарлар импортының жоғары қарқыны байқалған. 2021 жылдың 9 айында азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізу 2020 жылмен салыстырғанда 25,9%-ға және дағдарысқа дейінгі 2019 жылға қарағанда 30,7%-ға өсіп, 6,3 млрд долларды құрапты. Осы жағынан импорттың ең үлкен өсімі Ресейден, Өзбекстаннан және Жапониядан келген. Бұл мемлекеттерден негізінен автокөліктер тасымалданған, оның импорттық көлемі 1 млрд долларға жеткен. Одан кейін Қытай тұр, бұл елден аяқкиімдер көп әкелініпті. Қытай сондай-ақ, қазақты киіндіру жағынан да өзгеге дес бермей тұр. Одан кейінгі орында – Түркия. Анадолы елінен де киім көп әкелінеді. Қысқасы, азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізушілер бестігіне Еуропалық одақ елдері (14,2%), Түркия (5%) және Өзбекстан (4,8%) кіреді.
Мамандар соңғы жылдары елімізге сырттан автокөлік көбірек әкелінгенін айтады. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, биылғы 9 айда Қазақстан нарығындағы көліктердің сатылымы 36,3%-ға өсіп, 86,6 мың данаға жеткен.
Қазақстандық автомобиль өндірісі құрамдас бөлшектер импортына да өте тәуелді екені белгілі. Бөлшектерді тасымалдау қарқыны да толассыз жүріп жатыр.
«Тұтыну тауарлары импортының ұлғаюы карантиннен кейін елдегі экономикалық белсенділіктің қалпына келгенін және халықтың төлем қабілетінің артқанын білдіреді. Жыл басынан бері экономиканың жүйелі түрде қалыпқа келгенін байқадық. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ІЖӨ өсімі 3,4%-ды құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2021 жылдың 9 айында жан басына шаққандағы халықтың нақты ақшалай табысының да (+5,0%), атаулы табысының да (+13,2%) өсуі байқалды. Халықтың несие қабілеттілігінің көрсеткіші ретінде табыстың өсуі – жаңа тұтынушылық несиелердің көптеп берілуіне ықпал етеді. Осылайша, 2021 жылдың 9 айында жеке тұлғаларға берілген тұтынушылық несиелер дағдарысты 2020 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылға қарағанда 54,3%-ға өсті»”, – дейді Ұлттық банк мамандары.