Нобель кімге керек?
Жақсы жазатын бір ақын досымның Тәңірден тілеген жалғыз тілегі бар: осы ғұмырында Нобель сыйлығын алсам дейді. Туған күнінде жұрттан «Нобель бұйырсын» деп айтуын өтінеді. Құттықтаушылар да ақ-адал ниетпен «Нобель сыйлығын ал» деп жамырасып жатады. Ол ақыныңыз басқа ақындарға ұқсамайды: Мемлекеттік сыйлықты армандамайды. Ал «Алаш» сыйлығына бас қатырып жатпайды: ғұмыры жетіп, осы жазуынан танбаса, бұл сыйлықтарды әйтеуір бір алатынына сенеді. Қызық.
Арманшыл адам Айға да, Күнге де қол созады. Нобель сыйлығы да аспандағы Шолпан сияқты. Айға жақын ең жарық жұлдыз. Ол да арман. Әлем әдебиетіндегі ең жарық Шолпан-жұлдыз Нобель сыйлығы болған соң планетамыздағы өнерімен, білімімен, талантымен озған әр адамның жүрек қалауы сол. Дұрыс-ақ.
Бұған дейін Нобель туралы, оның даңқы мен дақпырты жайлы талай әңгіме айтылды. Тіпті кейде бұл тақырып тым жаттанды көрінуі де мүмкін. Сондықтан бүгін біз Нобельдің биігін биіктетуге тырыспаймыз. Тек қазақ әдебиеті мен Нобельдің ғарыштық деңгейдегі байланысын сөз етпекпіз. Әлқисса.
– Сыйлығыңызға рахмет!
Әдебиет тарихында осы бір әйгілі марапаттан бас тартқан жазушылар да болды. Мәселен, Толстой. Бір ғасыр бұрын, яғни 1906 жылы Толстой ақсақал Нобель сыйлығын менсінбей, «әлдеқандай керосин сатушы Нобель сыйлығын ұсынады, бұл қалай болды?» деп мысқылдапты-мыс.
1906 жылы Ресей академиясы Толстойды Нобель сыйлығына ұсынып, Стокгольмға хат жібереді. Сонда Лев Николаевич бұл «ыңғайсыздықтың» алдын алу үшін шығармаларын фин тіліне аударатын жақын досы – Арвид Ярнафельдке қолқа салыпты. Одан Швециядағы таныстары арқылы сыйлықты өзіне бермеуін сұрауды өтінген. Осылайша 1906 жылғы Нобель сыйлығы итальян ақыны Джозуэ Каддучиге бұйырады. Хусан Эрматовтың «Нобель сыйлығының лауреаттары» атты кітабына сүйенсек, Швеция хатшысы Карл Вирсен Толстойдың классик екенін мойындаса да оның сыйлықты алуына мүлдем қарсы болған.
Толстой әлемдегі ең «ұлық» сыйлықтан саналы түрде бас тартқан соң, әдеби орта қызу талқыға салып, бұл күтпеген шешімнің жыры біразға дейін басылмады. Оқырман хаттары да лек-легімен ағылды.
Нобель сыйлығының тарихында классик жазушының бұл шешімін одан кейін тағы сегіз автор қайталаған.
Ал Сартр: «Нобель сыйлығы Шолоховқа берілмей тұрғанда мен мұндай құрметті қабылдай алмаймын», деді. Ақиқатында, контексте ол тек Шолоховты ғана емес, Неруда мен Арагонды да атап айтады. Ойымызды тарқатсақ, 1964 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын француз экзистенциалисі Жан Поль Сартрға беру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ ой еркіндігін бәрінен биік қойған Сартр сыйлықты алудан бас тартты. Ол табиғатынан атақ-даңқ жазушыны құрдымға кетіреді деп санаған адам. Осы үшін Сартр Нобельге дейін де бірталай марапаттан бойын аулақ ұстады, тіпті Коллеж де Франста оқуға шақырса да барған жоқ. Сартр көзқарасына өмірінің соңына дейін адал болды. Ол Нобельден бас тартқан соң Парижде шведтік журналистерге жасаған баяндамасында Оңтүстік Американың бірегей жазушысы Неруданың Нобельді алмағанын және бұл сыйлыққа әбден лайық Арагонның кандидатурасы тіпті талқыланбағанын айтады. Сондай-ақ Пастернакқа бұйырған сыйлық Шолоховқа берілмегеніне ашынады. Философ-қаламгердің бұл сөзінің келесі, яғни 1965 жылы Шолоховтың жұлдызы жанып, Нобель сыйлығын алуына әсері болды деп санамаймыз. Өйткені дәл сол уақытта «Тынық Дон» әлем бойынша жаппай оқылып, аударылып, таралымы ұзын саны 130 миллионға жеткен болатын. Осылайша, Сартрдың Нобель маңайындағы әділетсіздікке қарсы ойы ақталып, Донның төл перзентіне атақты Нобель сыйлығы бұйырды.
Стокгольм мен Нұр-Сұлтанның арасы алыс, алыс…
Әр жыл сайын әлем әдебиетшілері мен оқырманы кезекті Нобель сыйлығын кім алатынын талқылайды. Мураками сияқты бұрыннан үміттілерді бір атап, Улицкаяны да қоса кетіп, қалған номинанттардың бағы мен бабын өлшеп, зерттеу жүргізеді. Түрлі агенттіктер болжам жасап, бәс тігеді. Дәл осы уақытта қазақ әдеби ортасы да қызу талқыға түседі. Тақырып – «Қазақ қашан Нобель алады?» Сырттан қараған адамға бұл көрініс күлкілі көрінуі мүмкін, әрине. Әйтсе де бұл да өзіміздің кеңістікте «аса маңызды жаһандық мәселе». Әлқисса.
Жалпы, кез келген адамның, әсіресе оқырманның реалист болғаны жақсы. Реалистік көзқарастың әдебиетке де көп пайдасы бар. Мәселен, қазіргі таңда кітап оқымау – барша әлемге ортақ проблема. Бұдан бөлек Қазақстандағы әдебиеттің жағдайы мен деңгейі бәрімізге белгілі (айта кетейік, сөз қазіргі қазақ әдебиеті туралы). Бүгінгі әдебиетте жазып жүрген авторлардың бәрі әуесқой жазушылар. Өйткені қоғамда жазушылықпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жоқ. Классикалық шығармалардың жазылмай жатқаны, баспалардың тек тендермен күн көруі, тағысын тағылар – осының бәрі қоғамда айна-қатесіз көрініп тұрғанда Нобельге деген құштарлық қалай туады?
Нобель қаламгердің бағасын беретін өлшем бола алған жоқ. Одан саналы түрде бас тартқан жазушыларды жоғарыда атап өттік. Ал Горький, Айтматов, Быковтарға бұл сыйлық бұйырмады. Ол кейде жай ғана марапат емес, әлемдік оқиғаларды реттеп отыратын күш рөлінде де жүреді. Мәселен, Бродский миграцияда жүргені үшін алды. Ал Орхан Памук армяндарды қорғағаны үшін, беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Путинді сынағаны үшін, Қырым мәселесі ушыққанда алып кетті. Америкалық Боб Дилан алғанда бәрінен бұрын өзі таңқалған.
Әсіре ұлтшылдыққа салып, жылына бір рет «Қазақ қашан Нобель алады?» деген ұран сол автордың «патриоттық сезімін» ғана білдіреді. Қоғамдағы әдебиетке деген көзқарасқа немесе жазушылардың жақсы жазуына әсері болмаса керек. Ал реалист оқырман Стокгольм мен Нұр-Сұлтанның арасы екі мағынасында да тым алыс екенін түсінеді.