Хабар

Отбасында зорлық көрсететін азаматтарды жәбірленушіге жақындатпау мерзімі 30 тәулікке дейін ұзарды

Бұрын мұндай азаматтар құрбанына 10 күнге дейін жақындай алмайтын.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтын азаматтарды отбасына жақындатпау мерзімі ұзарды. Сондай-ақ, олар әрекетін қайталаған жағдайда 5 тәулікке дейін қамалады, деп мәлімдеді ҚР ІІМ әкімшілік комиссия комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Байкенов.

“Қазіргі сәтте тұрмыстық зорлық-зомбылықты ерте кезеңде анықтау шаралары барынша қолға алынды. Олар негізінен – алкогольдік ішімдік ішу, отбасында заңға қарама-қайшы әрекеттер жасау, денсаулыққа жеңіл ауыртпалық келтіру. Мұнымен қатар, полицейлерге отбасылық бұзақыларға өз әрекетін жалғастыруға тыйым салу құқығы берілді. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 125 мыңнан астам арыз келіп түсті. Нәтижесінде 9 645 азаматқа сот арқылы ерекше талап қойылды. 40 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 70 228 тұлғаға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды”, – деді Жасұлан Байкенов.

Сондай-ақ, басқарма жетекшісі арнайы талдау жүргізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі алкогольдік ішімдік ішу екеніне тоқталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл 3 756 тұлға ішімдік ішіп, отбасында теріс мінез-құлық көрсеткен. Бұдан өзге жыл сайын шамамен осындай мыңға жуық азаматтың ата-ана болу құқығынан айырылатыны белгілі болды.

“ҚР ІІМ талабына сәйкес, отбасылық бұзақының құрбанына жақындамау мерзімі 10-нан 30 тәулікке дейін ұзарды. Бұл жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Мұндай құқық бұзушыларға қайта тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға, құрбанды іздестіріп, байланысқа шығуға, телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады. Оларды жеті күнде кемінде бір рет полиция бақылайды. Ал егер жәбірленушіге жақындаса, онда 5 тәулікке дейін қамалады”, – деп қосты Жасұлан Байкенов.

Мұнымен қатар, ол бұзақылардың отбасына жақындауына тыйымды учаскелік полицейлер – жасөспірімдер мен әйелдерді қорғау бойынша инспектордың да салу құқығына ие болғанын бөлісті. Бұдан өзге соттың бұзақыны 30 тәулікке дейін үйінен кетуге мәжбүрлеуге құқығы бар.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button