Тәуліктік су тұтыну: артық пайдаланған айып төлейді
Белгіленген норма асып кеткен жағдайда тұрғындар сумен жабдықтау қызметіне толық тариф төлейтін болады.
Қазақстанда қала тұрғындары үшін тәуліктік су тұтыну нормасы белгіленеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биыл алғаш рет ілкі жоба ретінде ауызсуды есепке алу аспабы болған кезде бір адамға тәулігіне 140 литрге дейін ғана суды субсидиялау бойынша нормативтік шектеу белгіледік. Ауылдық жердегі әрбір тұрғынға суды субсидиялаймыз. Ауыл тұрғындарына судың текше метрі суды есепке алу аспабы болғанда, 30 теңгені, ал аспапсыз 40 теңгені құрайды. Кейде бізде судың нақты құны 3 мың теңгеге де жетіп жатады», – деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.
Оның айтуынша, ауылдың әр тұрғынына тәулігіне 140 литр су жеткілікті. Егер тұрғынның бір тәуліктегі тұтынған суы нормадан асып кетсе, онда ол судың артық көлеміне коммерциялық бағамен ақы төлейді.
«Қазіргі уақытта дәл осындай нормативтік шектеуді қала тұрғындары үшін де әзірлеп жатырмыз. Біз адамдарға суды үнемдеуді, бағалауды үйретуіміз керек. Белгіленген норма асып кеткен жағдайда тұрғындар сумен жабдықтау қызметіне толық тариф төлейтін болады», – деп нақтылады Қайырбек Өскенбаев.