Хабар

Кешбэк: Алаяқтардан қалай қорғануға болады

Қазіргі кезде алаяқтар адамдарды жоғары кешбэкпен қызықтырады. Сатып алу кезінде кешбэктің көмегімен ақша табу өте пайдалы, сол себепті азаматтардың арасында өздерінің клиенттері үшін осы опцияны ұсынатын банктердің және басқа да ұйымдардың ұсыныстары жоғары сұранысқа ие. Қаржы алаяқтары осы танымал маркетинг құралын пайдалана отырып, аңқау тұтынушылар үшін кезекті айланы ойлап тапты. Fingramota.kz сайтына сілтеме жасай отырып осы алаяқтық түрінен қалай қорғану туралы кеңестерді ұсынамыз

Вишинг – телефон алаяқтығы

Телефон алаяқтары клиентке қоңырау шалып, өзін қызмет көрсететін банк қызметкері ретінде таныстырады, олардың кешбэк-сервисін пайдалануға ұсыныс жасайды. Мысалы, алаяқтар барлық бөлшек желілерде сатып алу үшін қолданылатын 8 – 30% аралығындағы жоғары және тиімді кешбэкпен карта шығаруға ұсыныс береді. Мұндай картаға қызмет көрсету, әдетте, тегін, шығару мерзімі барынша аз: 1 күннен 3 күнге дейін, картаны жеткізу карантин шараларының күшейтілуін ескере отырып тегін болуы мүмкін. Егер клиент келісіп жауап берсе, онда жалған менеджер дыбыстық сигналдан кейін жұмысын 1-ден 10-ға дейін бағалауды сұрайды, бұдан кейін операторға қосады, бұл ретте сендіру үшін желіде күтуге арналған банктің әуені ойнайды. Жаңа оператор бәрін, картаны қалай әкелгенде ыңғайлы немесе қандай бөлімшеден алудың тиімді екендігін нақтылайды, клиенттің деректерін қайта тексереді және, назар аударыңыз, картаны шығаруды растау үшін кодты айтуды сұрайды, ол клиентке SMS арқылы келеді. Оператор клиентке ойлануға уақыт берместен, сұрақтарға тез арада жауап беруді сұрайды, бұл – оның қырағылығын сейілту мақсатында жасалатын тәсіл. Қажетті деректер алынған соң оператор сөйлесуін аяқтап, жұмысын 10 баллдық шкаламен бағалауды сұрайды. Бұдан кейін ештеңеден хабары жоқ клиент картасындағы ақшасының жетіспейтініне көз жеткізеді, әрине алаяқтар үшін ақшаны шешіп алу түкке тұрмайды.

Айта кетерлігі, клиенттің операторға айтатын коды шын мәнінде банк клиентінің жеке кабинетінің қосымшасын іске қосуға көмектеседі. Алаяқтар осылайша ақша аударымдары мен өзге транзакциялар жүргізе отырып, банктік шотты басқару мүмкіндігіне ие болады, олар SMS пен push-хабарламаларды өшіріп тастаулары мүмкін, мұндай жағдайда клиент өз қаражатының жоғалғаны жөнінде бірден біле алмайды.

Есіңізде болсын, нағыз банк менеджеріне сіз туралы ақпаратты нақтылау үшін қоңырау шалудың қажеті жоқ: тегі мен төлқұжат деректері, тіркелген карталар және олардың деректемелері, сондай-ақ ақша қаражатының қалдықтары. Банкте сіздің толық қаржылық деректеріңіз және кредит тарихыңыз бар. Сондықтан банк қызметкерлері бұл мәселелерге қатысты ешқашан телефонмен хабарласпайды. Бұл ақпарат алаяқтар үшін ғана құнды. Сонымен қатар, банк қызметкерлері сізден операциялар мен төлемдерді жүзеге асыру үшін қажет банктік карталарыңыздың деректерін сұрамайды. Кейбір автоматтандырылған банктік жүйелерден келетін SMS-те: «Кодтарды ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне де бермеңіз» деп көрсетілген.

Фишинг – сайттағы алаяқтық

Фишинг – алаяқтар пайдаланушылардың құпия деректерін «шығарып алатын» интернет-алаяқтықтың бір түрі. Ол үшін алаяқтар фишингтік сайттар, e-mail жіберілімдер, қалқымалы терезелер, таргеттелген жарнама сияқты құралдарды пайдаланады. Пайдаланушылар сілтемелерді қолдана отырып, зиянды қосымшаларды ашады, ал зиянкестер олардан жеке төлем деректерін алады.

Алаяқтар бірнеше секунд ішінде, әсіресе егер сіз фишинг сайтына кірсеңіз сіздің шотыңызды босатуы мүмкін. Бұл алаяқтар, мысалы, төлем карталарының деректемелерін алу мақсатында танымал интернет-дүкен, банк сайты немесе әлеуметтік желі клонын құратын қаржылық алаяқтықтың бір түрі. Олар оған сілтемелерді пошта мекенжайларының қолда бар базасы арқылы таратады, оның ішінде сіздің мекенжайыңыз да болуы мүмкін.

Мәселен, алаяқтар онлайн-дүкендердің, банктердің және өзге де ұйымдардың атынан электрондық пошта арқылы және SMS-хабарламалар жіберу арқылы, танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде олжаның орнына жоғары кэшбэк ұсыну арқылы қармақ лақтырып қоюы мүмкін. Атап айтқанда, олар пайдаланушыларға Желіде сатып алу үшін кэшбэк алуды, яғни картадан картаға аудару үшін қаражаттың 30%-на дейін жедел қайтаруды ұсынуы мүмкін. Егер пайдаланушы тиісті батырманы басу арқылы келіссе, онда ол жеке ақпаратты енгізуге арналған нысаны бар фишингтік сайтқа түседі: ТАӘ, карта деректемелері, оның ішінде картаның артқы жағындағы үш таңбалы сан. Алаяқтар осы деректерді пайдаланып, интернет-дүкендерде басқа адамдардың карталарын пайдалану арқылы сатып алулар жасай алады, ал пайдаланушылар жоғары кэшбэксіз және өз карталарында ақшасыз сақалын сипап қалады.

Өзіңізді алаяқтықтың осы түрінен қалай қорғауға болады?

Ашкөздікке салынып кетпеңіз, екіншіден, қырағылық танытып, бейтаныс адамдарға сенуді тоқтатуыңыз керек. Егер Сізге болжам бойынша Банк менеджері қоңырау шалып, сізге бас тарта алмайтындай ұсыныс жасаса, сөйлесуді аяқтап, банкке ресми нөмірлер бойынша қоңырау шалыңыз. Сіздің төлем картаңыз бойынша барлық деректерді қоса алғанда, өте жеке ақпаратты хабарлауды сұрайтын, сондай-ақ әртүрлі қосымшаларды жүктеуді сұрайтын бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Сатып алғыңыз келетін интернет-дүкендердің URL-мекенжайларына назар аударыңыз. Құпия ақпаратты, мысалы, құпиясөздерді енгізу қажет сайттарда HTTPS:// префиксінің болуын тексеріңіз.

Айта кетейік, кешбэк – бұл тауарды немесе көрсетілетін қызметті сатып алуға жұмсалған ақша қаражатының бір бөлігін қайтару, көбінесе ол балмен немесе купонмен беріледі.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button