Тарихта аты қалған жануарлар: батальонды құтқарған көгершін
Ғажайып ерлік істері немесе ғылыми эксперименттерге қатысуы арқасында кейбір жануарлар адамнан кем емес игі істер жасай алады. Бүгін біз тарихқа өз есімдерін жазып үлгерген жануарлар жайлы сериялы мақаламызды бастаймыз. Алғашқы дерек Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаншама маңызды хабарламалар жеткізіп, 200-ге жуық сарбаздың өмірін сақтап қалған Шер Ами көгершіні туралы болмақ.
Бірінші дүниежүзілік соғыс көгершіндерді қолданудағы ең ауқымды соғыстардың бірі болды. Тарихта алғаш рет соғыс жалпы сипатқа ие болған кезде, ботальон командирлері өз әрекеттерін мінсіз үйлестіруі керек еді. Дәл осы жерде құстар көмекке келді. Солардың бірі – Шер Ами есімді көгершін тарихқа мәңгі атын жазып қалдырды.
Шер Ами атты көгершін
Бұл көгершін Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде курьер болды. Құс Францияға 12 маңызды хабар жеткізді. Бірақ Шер Ами өзінің шынайы батылдығын “Аргонна” шайқасы кезінде көрсетті.
1918 жылдың 3 қазанында майор Чарльз Уитлеси мен 500 -ден астам жауынгер қоршауда қалады. 4 қазанда батальон одақтастар тарапынан оққа ұшырайды. Көптеген америкалықтар алғашқы күні-ақ қаза табады, жараланады. Батальон командирі атысты тоқтату туралы хабарламамен екі көгершін ұшырады. Бірақ, екеуін де немістер атып түсіреді. Соңғы үміт Шер Амиде қалады. Көгершіннің сол аяғына майор:
“Біз жол бойында орналасқанбыз, биіктігі 276,4. Артиллерия бізге тікелей соққы беріп жатыр. Құдай үшін, атуды тоқтатыңыз!” – деген хабарлама байлап жібереді.
Шер Ами аспанға көтерілгеннен-ақ немістер оған оқ жаудыра бастайды. Тіпті, екі-үш рет тигізеді де. Бірақ көгершін 25 минутта 25 миль (40 км) ұшып, одақтастар тарапына өтеді. Көкірек тұсынан жараланған, бір көзіне оқ тиіп, бір аяғынан айрылған Шер Ами маңызды хабарламаны жеткізеді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалады. Нәтижесінде 77-ші атқыштар дивизиясының 194 сарбазын көгершін құтқарады. Көп өтпей атысты тоқтатып, немістерді тықсырған одақтастар жауынгерлері батальонмен арадағы байланысты орнатады.
Көгершін Вердун шайқасы кезінде жеткізілген 12 хабарлама үшін француз әскери крест медалімен, сондай -ақ Америкалық көгершіндер қоғамының алтын медалімен марапатталды. Құс 1919 жылы 13 маусымда Нью-Джерси штатының Форт Монмут қаласында өлді. Оның денесінен тұлып жасалып, Смитсон институтында сақтаулы тұр.
Шер Амидің аты 1931 жылы жарыс көгершіндерінің даңқ залына жазылды.
2011 жылы Time журналы Шер Амиді ең қаһарман жануарлардың ондығына енгізді.