Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ халықаралық стандарттарға сәйкес жаңартылды
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында кардиохирургиялық операция бөлімі халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Операция жасау бөлімі жүрекке күрделі операциялық араласулар жасауға арналған жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталды. 3D визуализациялаудың мүмкіндіктері бар заманауи торакоскопиялық тіреу қондырғысы орнатылды. 3D визуализациялауы бар жаңа аппаратураны пайдалану кеудені кеспей-ақ жүрек қақпақшаларына аз инвазивті операция жасауға және коронарлық шунттауды орындауға мүмкіндік берді», – дейді институттың Басқарма төрағасы Роза Қуанышбекова.
Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, жаңа операциялық бөлмеде бір пациентті емдеу кезінде 2 түрлі тәсіл қолданылады (эндоваскулярлық араласулармен бірге ашық операция, – редакциялық ескерту) гибридті операцияларды жасау мүмкіндігі бар.
«Осындай операциядан кейін пациенттер кеудені стандартты кесетін кезде болатын ауырсынуды сезбейді, оңалу кезеңі жылдам өтеді, пациенттің бөлімшеде емделуі және жансақтау мен қарқынды терапия бөлімшесінде емделу уақыты азаяды, қан кету көлемі төмендейді. Сонымен қатар, пациенттер косметикалық әсер де алады»,-дейді Рүстем Төлеутаев.
Айта кетейік, Қазақстанда тек Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да ғана жүрек ырғағының бұзылысын коронарлық шунттау немесе жүрек ақауларын түзете отырып бір уақытта емдеу үшін ашық жүрекке криоаблация операциясы жасалады.
«Бөлімшенің дәрігерлері мен мейіргерлері өздерінің біліктілігін арттыру мақсатында үнемі білімін жетілдіріп, теориялық және практикалық дағдысын арттырып отырады. Барлық қабылданып отырған кешенді шаралар жыл сайын диагностикалау мен емдеудің сапасын жақсартуға және пациенттердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», – дейді Роза Тохтанәліқызы.