Хабар

Дүкеннен алған тауарды қайтаруға бола ма?

Қазір түрлі дүкеннен, әсіресе базардан не олардың әлеуметтік желідегі парақшасынан «Тауарды кері алмаймыз» деген ескертуді көріп жатамыз.

Қанша жерден ескертсе де, дүкеннің аты дүкен ғой. Ал тұтынушы 14 күн ішінде тауарды қайтарып бере алады. Демек “кері алмаймыз” деген практика заңсыз ғой?

Жауап: тауарыңыз қайтарылмайтын заттар тізімінде болмаса, иә, сатушының затты кері алмағаны заңсыз.

Қайтарып беруге болмайтын тауарлар:

  • дәрі-дәрмек, медицина бұйымдары;
  • ішкиім;
  • шұлық-ұйық бұйымдары;
  • жануарлар мен өсімдіктер;
  • метрлеп сатылатын тауарлар;
  • телефон.

Қайтарғыңыз келген тауардың түрі бүлінбеген, сапасы сақталған болуы керек. Жаныңызда чегіңіз болғаны жақсы, болмаса, куәгер сөзі, бейнебақылау жазбалары тауарды сол дүкеннен алғаныңызды дәлелдей алады.

Тауарды сатып алған күннен бері 14 күн өтпей апаруыңыз керек. Егер алған затыңыз талапқа сай жасалмаған болса, жарамдылық мерзімі өтіп кетсе не біреудің интелект құқығын бұзса, түрі бүлінгені, сапасы сақталмағанына қарамастан 30 күнде қайтарып бере аласыз.

Ал сатушы оның орнына басқа зат беруге не ақысын толықтай қайтаруға міндетті. Одан бөлек, тауардың сапасы сақталғанын, қолданылмағанын экспертизамен тексерем десе, ақысын өзі төлейді.

ОК, заңсыз екен, енді затты қалай қайтаруға болады?

Тауардың ақысын қайтарыңыз не басқа затқа алмастырыңыз, келтірген шығынды өз еркіңізбен өтеңіз деп сатушыға наразылық хатын (претензия) жіберіңіз.

Оны табыс етілгені туралы хабарламасы бар пошта, электрон пошта арқылы жөнелте не қолма-қол тапсыра аласыз.

Сатушы ол хатқа он күн ішінде жауап беруге тиіс. Талабыңызды орындамаймыз десе, тұтынушы құқығын қорғайтын мемлекеттік органдарға, мысалы, Тұтынушы құқығын қорғау комитетіне не сатушы орналасқан ауданның азаматтық сотына барыңыз.

Өтемақы көлемін өзіңіз белгілейсіз. Сатушы ол соманы төлемеймін десе, мәселені сотта шешуге тура келеді.

Одан бөлек, қоғам бірлестіктеріне жүгінсеңіз болады. Олар:

  • Ұлттық тұтынушылар лигасы;
  • “Авантаж” тұтынушы құқығын қорғау қоғамы;
  • “Адал” қоғам бірлестігі.

Олар сіздің атыңыздан сатушыға талап-арыз түсіреді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button