Хабар

Қасаба деген не?

Қасаба – үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадап, маңдай тұсын түгелдей асылтас, алтын, күміс әшекейлермен безендіріп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасаған қыз тақиясының бір түрі.

Көне түркі бас киіміне, әсіресе, қыпшақ тайпасының киіміне ұқсас. Қазіргі түркі халықтары мен оған жапсарлас парсы, ауған халықтарының кейбірінде әлі күнге дейін сақталған. Этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің айтуынша, “қасаба” деген сөз “алтын зерлі” деген мағынаны білдіреді. Қасабаны көбіне төре, сұлтандардың қыздары киеді. Кейде хан-сұлтандардың жұбайы да киген көрінеді. Мәселен Жәңгір ханның жары Фатима осы қасабаның бір түрін киген екен. Қасабаның осы түрі кейін Алматы қаласында фабрикада өндірілген. Оған қолғабыс еткен – Өзбекәлі Жәнібековтің өзі.

Оны үйлену тойына кейде қалыңдық сәукеленің орнына киген. Оған дәлел – қазақ тілінің лексиконында “қасабалы қалыңдық”, “қасабалы келіншек” деген тіркестердің сақталып қалғаны. Тойдан кейін үкісіз, желексіз, ойыңқысының сыртына жаулық салып немесе басына орымалдың үстіне киген. Бас киімнің бұл үлгісіне қарай қалыңдыққа арнайы алқа, білезік, жүзік, бұрымға тағатын шолпы, бұрымының қолаңына ілетін қоза сырға, қамзолдың сыртынан буынатын нәзік белдік, аяққа киетін мәнерлі кебіс дайындалатын болған.

Қасаба күрең немесе көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша секілді маталардан тігіледі.

Қасаба – тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етіп пішіледі де, артқы жағына немесе желкесіне қарай бірте-бірте ойытқы түскен құламасы болады. Ұшы әйелдің арқасына қарай төгіліп жатады.

Айдыны зерлі жіптермен кестеленіп, қиылысқан жерін алтын жолақпен жауып, зерлі әшекеймен безендіреді. Құламасына шашатар тағылады. Шашақтың көп тағылуы “ұрпағы көбейсін” деген игі тілекті білдіреді. Қасабаның маңдай тұсына түрлі асыл тас тізілген дөңгелек табақшалармен бекітілген қыстырма ілінген. Ал самай тұсына ұзынырақ күміс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тізбек салпыншақ таққан. Бұл келін боп түскен қыздың жүйкесін жұбатады деген ескі ұғымнан туған. Төбесіне қадалған үкі көрік берген.

Қасабаны бүгінгі күнге жеткізіп, зерттеуге мемлекеттік қайраткер, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор.

massaget.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button