Ауыл әкімдерін сайлау: Қарағанды облысында 149 үміткер ұсынылды
Өңірде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге 164 сайлау комиссиясы – 15 аумақтық және 149 учаскелік комиссия жұмылдырылады.
Қарағанды облысының ауылдық округтер, ауылдар мен кенттер әкімдерін сайлау 2021 жылғы 25 шілдеге белгіленген. Қазіргі таңда үміткерлерді ұсыну жүріп жатыр.
Өңірде алғашқы тікелей сайлауда 75 ауыл әкімін сайлау жоспарлануда. Сайлау 134 мыңнан астам адам тұратын 149 елді мекенде өтеді. Тұрғындардың 81 мыңнан астамы сайлаушылар.
Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, 30 маусымға дейін 149 кандидат ұсынылды: саяси партиялардан – 7 және өзін-өзі ұсынушылардан – 142.
Кандидаттарды ұсыну 26 маусымда басталып, 9 шілдеде аяқталады.
Сайлауға үміткерлер келесідей ұсынылуы мүмкін:
- саяси партиялардан;
- өзін-өзі ұсыну арқылы;
- аудан әкімімен.
Әкім лауазымына сайлау үшін ел азаматының жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сай болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі болмауы тиіс.
Үміткерлер талаптарға сәйкестігін тексеру рәсімінен өтеді. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Содан кейін сайлау алдындағы үгіт басталады.
Өңірде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге 164 сайлау комиссиясы – 15 аумақтық және 149 учаскелік комиссия жұмылдырылады.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі