Хабар

«Қызыл» мен «сарыны» кіргізбейді

Еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен вокзалдар келушілерді тек Ashyq қосымшасымен қабылдайтын болды. Егер жүйеде мәртебеңіз «жасыл» не «көк» болса, аталған ғимараттарға кіре аласыз, ал «қызыл» мен «сарылар» ішке ене алмайды.

Бүгінде әуежайлар, кәсіп­кер­лік, мәдениет және спорт ны­сан­­дары Ashyq қосымшасымен жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бас мемлекеттік санитарлық дә­рі­гердің жақында тағы бір Қау­лысы шықты. Осы құжат бо­йын­ша енді еліміздің барлық қала­сындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары келушілерді Ashyq сервисінен өткізетін болды. Егер қосымшада азаматтың мәртебесі «жасыл» немесе «көкшіл», яғни теріс немесе бейтарап болса, онда олар кезекті алдын ала брондамай-ақ ХҚО көрсететін мемлекеттік қызметті ала береді.

«Бұл заманауи сервис негі­зінде ХҚО-лар клиенттерді кө­бірек қабылдап қана қоймай, со­нымен қатар қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ете алады. Бұл ретте кезекке алдын ала брондау мүм­кіндігі бұрынғыша қала береді. Оның басты артықшылығы – келуші алдын ала белгіленген уақытта келіп, оператордың қа­был­дауына бірден өте алады», дей­ді «Азаматтарға арналған үкі­мет» корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Егер азаматтардың смартфонында Ashyq қосымшасы болмаса, олар таяуда ғана Ashyq функционалы енгізілген eGov mobile, Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларын пайдалана алады. Егер бұл қосымшалар да болмаса, онда азаматтардың мәртебесін ЖСН арқылы ХҚО қызметкері анықтап береді.

«Әлбетте, мүндай қадам ХҚО-ға келушілер санын көбейтетінін түсінеміз. Сондықтан баршаңызды санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Міндетті түрде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдануды ұмыт­пағайсыздар», деп ескерте кетті Ә.Қожықов.

Ashyq қосымшасымен жұ­мыс істеуге байланысты қазіргі таңда қалалардағы әрбір фронт-кеңсенің кіреберісінде сканерлеу үшін арнайы дербес QR-код ілінген. Егер азаматты тексерген кезде «сары» не «қызыл» мәр­тебе анықталса, онда оларды ғи­маратқа кіргізбейді.

Бас санитарлық дәрігердің 2021 жылдың маусымындағы қаулысына сәйкес, биылғы 17 маусымнан бастап, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешенінде де Ashyq жобасы енгізілді. Ал 21 маусымнан бастап, Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды және Өске­мен вокзалдарында да осы жоба жұмыс істей бастайды.

1 шілдеден бастап, Ақтөбе, Атырау, Бейнеу, Көкшетау, Қос­танай, Қызылорда, Маңғыстау, Орал, Павлодар, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент және Шу вокзалдары осы жүйемен жолаушыларды қабылдайды. Бәрінде де тәртіп бірдей: Ashyq жобасында мәртебесі «жасыл» және «көк» болғандар вокзалға кіреді де «сары» мен «қызыл» жанғандар ішке өте алмайды. «Бұл шара коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтып, вирусты өршітетін байланыстар са­нын қысқарту мақсатында енгі­зіліп отыр», дейді «Қазақстан темір­жолы»ҰК» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

QR-кодты сканерлейтін Ashyq кіру жүйесі «Нұрлы жол» вокзал кешенінің барлық кіреберісінде ілінді. Жолаушылар арасындағы ара қашықтықты сақтау үшін ­вокзал қызметкерлері келуші­лер­ді бөліп кіргізеді. «Жолаушы вокзалға кірерде QR-кодты Ashyq мобильді қосымшасы арқылы немесе Kaspi.kz, Homebank, Aity қосымша­ла­ры арқылы сканерлеу қажет. Жолаушыда қосымша немесе смартфон болмаған жағдайда вокзал қызметкеріне ЖСН көрсету қажет. Шетелдіктердің мәртебесі төлқұжаттың нөмірі бойынша тексеріледі. 18 жасқа дейінгі балалар тексеруден өтпейді. «Қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдарды вокзалға кіргізбейміз. Сондықтан www.ashyq.kz cай­тына кіріп, бейтарап QR-код ар­қылы мәртебеңізді алдын ала анықтап алғаныңыз жөн», дейді АҚ мамандары.

Ал пойызға билет алып қойған, бірақ Ashyq қосымшасында мәр­тебесі «қызылмен» немесе «сарымен» белгіленгендер не істейді? Бұл жолаушылар вокзалға кіре алмайды. Тіпті пайдаланылмаған жол жүру құжатын (билетін) қайтару үшін кассаға да бара алмайды. «Вокзалға кіре алмайтын жолаушылар билетін өткізу керек. Ол үшін WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы bilet.railways.kz сайтында көрсетілген телефон нөміріне (+7 707 270 36 64) хабарласып, билеттің және Ashyq қосымшасындағы мәртебесінің фотосуретін немесе скриншотын, жеке куәлігін жіберуі керек, дейді мамандар.

egemen.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button