Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны қашан басталатыны белгілі болды
Көктемгі әскерге шақыру науқанын өткізу туралы Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов айтып берді.
“Көктемгі әскери қызметке шақыру 1 наурыздан басталып, 1 шілдеге дейін жалғасады. Қазақстанның Қарулы Күштерінің, басқа да әскері мен әскери құралымдарының қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ. Отан алдындағы борышын өтеуге 18-27 жас аралығындағы 13,5 мыңнан астам азаматтар шақырылады.
Белгіленген мерзімді өткерген мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді шақыру және жұмыстан босату қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылады және өткізіледі”, – деді Сәкен Жүсіпов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Пандемия жағдайында халықпен тікелей байланысты төмендету, сондай-ақ, хабарландыру процесін автоматтандыру мақсатында биыл пилоттық режимде әскерге шақырылушыларға SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Хабарламаларды жіберуді цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің “1414” қызметінің сервисі жүзеге асырады.
Көктемгі әскерге шақыру барысында әскерге шақырылушыларды ПТР-зерттеу екі рет – әскерге шақыру кезіндегі құрама пункттерде және әскери бөлімдерде жүргізілетін болады. Жаңадан шақырылған әскери қызметкерлерді вакцинациялау жеке құраммен бірге қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады, – деді ҚР ҚК Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы Департаментінің бастығы.
Әскери қызметке шақыру тәртібі жөнінде білу үшін Қорғаныс министрлігінің сall-орталығына 8 (7172) 72 10 83, 72 16 06, 72 13 89; 72 13 82 телефондары арқылы хабарласуға болады.