Хабар

«Сен» деп сізге не дейін…

Интернетте бір автор: «Сіз» деп сөйлеу адамдардың арасын алшақтатып, бір-біріне деген сенімін азайтады. Ондай су­бор­­динация ата-ана мен бала арасында бол­мауы керек. Бала ондай кезде бейсаналы түрде ата-анасын бөтен адам ретінде қабыл­дайды. Сондықтан бала ата-анасына «сіз» демей, «сен» деп сөйлеуі керек, «сіз» деп таны­майтын бөтен адамға немесе аса құр­метті үлкен адамдарға ғана айтылады» дейді. Мұны оқып, жыларымызды не кү­лерімізді білмедік.

Өкініштісі, әлеуметтік желіде осы тақы­леттес пікірлер толып жатыр. Болат Бек есім­ді азамат: «Біздің жақта бәрі ата-анасына «сен» деп сөйлейді, бұл өзімсіну, жақсы көру, жақын тартудың белгісі. Бұл ретте басқа варианттар адамның миына келмейді. Сырттың адамына болмаса…» десе, Анар Мұстафина: «Жалпы бөтен адамдарға «сіз» деп сөйлеу дұрыс. Бірақ ата-анаңмен «сен» деп сөйлеген дұрысырақ деп ойлаймын. «Сіз» деп тұрып, оған ішкі бар дүниеңді, ренішіңді айта алмайтын сияқтысың. Білмеймін, мен өзім «сен» деп сөйлеп, олармен құрбы-құр­дастай әңгімелесіп, еркелеп жүре бере­мін. Бірақ бұл сый­лама­ғандықты білдірмейді» деп пікір жазыпты.

Мұндайда Бұқар жыраудың: «Сыйлаған­нан не пайда, сізді қойып, «сен» десе» деген тәмсіліне жүгінуге тура келеді. Мағжан ақын: «Сен» деп сізге не дейін, тамұқта мәңгі күйіңіз!» деп, өкпе-наздың өзін мәдениетті қалыпқа сыйғызып, «сен» деу тамұқтан бетер ауыр сөз екеніне ден қойғызады. Ал Шортанбай Қанайұлы: «Сен демек қиын емес пе, Бұрынғы туған үлкенге?» деп жырласа, Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген» деп өнегелі өсиет арнады. Қазақы тәрбиенің түпкі идеясы қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біл деген әдепке барып тірелетіні содан. Қазан төңкерісінен бұрын қазақтың бар баласы алдымен, ата-анасына, одан қалды өзінен жасы үлкендердің бәріне «сіз» деп сыпайы түрде тіл қатса, кеңес кезінде салт-санамыз тұрпайыланып, өзге мәдениеттің қанжығасына қалай өң­геріліп кете барғанымызды байқамай да қалдық. Өзінен жасы кіші адамның өзіне «сен» деп сөйлемей, бауырым, шырағым, қалқам, қар­ғам деп, т.т. осындай қаратпа сөздерді қарым-қатынас әдебі ретінде қа­лып­тастырған ха­лық­тың қазіргі ұрпағы бұл сөздердің кейде мән-мағынасын толық ұғудан қалып барады.

Жалпы «сен» деп сөйлеу әу баста қайдан, қалай келген дегенге тоқталсақ, тарихтың түбіне терең батып кетуіміз мүмкін. Бұл ретте мамандар алға тартқан мынадай тарихи деректі мысалға келтірсек жеткілікті: «1794 жылы мемлекеттік төңкеріс арқылы билікке қол жеткізген Француз «қызыл коммунарлары» коммунистерінің алғашқы заңдарының бірі «сізді» «сен» деген сөзге алмастырып, ал «мырзаны» «азамат» деп өзгерту болды. Бір-біріне «сен», «азамат» деп айтудан бас тартқандар елдің қас жауы ретінде Париж алаңында бастары шабылды».

Қазақ қоғамына «сен» деген ұғым кеңес заманында орыс мектептерін бітіргендерден келді. Кеңестер Одағы құрылмай тұрғанда ондай сөз аузынан шығып кеткен адам әдепсіз, көр­генсіз саналған. «Сен» деп сөйлеу жасы ұл­ғайған кісіге тіл тигізу, сыйламау деп есеп­­­телген. Сол себепті халқымыз «сіз-біз» дес­­кен сыйластықты «сеннің» сеңі ша­йып кетпеуіне баса мән берген. «Сіздің» ар жағынан баланың ата-анаға, ел-жұртына деген сүйіспеншілігі, құрметі мен ізеті сезілсе, «сеннің» артынан дөрекілік, өктемдік пен кеудемсоқтық ызғары есетінін байыпты бағамдаған. Пуш­кинді ғаламат санасақ та, «Простое – Вы, чудесное – Ты» дегені қазақы менталитетпен тәрбиеленген санаға сәйкес келмейді. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әлемде «сіз» деп сызылып тұрғаныңызды сыйластық деп қабылдамайтын, ұнатпайтын халықтар да бар деп естіп жатырмыз. Бұл өз алдына бөлек әңгімеге арқау болатын тақырып шығар. Біздің айтпағымыз, ұлттық болмысымыз бен салт-санамызды, төл мәдениетіміздің ерекшелігі мен сыйластыққа құрылған қарым-қатынасымызды сақтап қалуға мән бермесек, қазақтың бүкіл ағзасы бөтеннің насихатына бейімделіп, байырғы сабасына түсуге асықпай, бейқам жата беруі мүмкін. Жоғарыдағы мысалдар ата-баба жолынан адасып, басқа сүрлеуге түсіп кеткен ондайлардың қарасы қазірдің өзінде арамызда аз емес екенін аңғартып қалады. Тәрбиедегі осы ақауға көңіл бұратын кез келді. Болмаса ұлы әкесіне, қызы шешесіне өктем дауыспен «сен» деп сөйлеп тұрса, несі жақсы?!

Ақпарат көзі: egemen.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button