Тәуелсіздік Күнімен құттықтаймыз!
Бүгін бабаларымыз сан мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздік күні.
Осынау мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің аспаны ашық, керегесі кең болсын. Отанымызда орнап тұрған тыныштық пен берекенің ғұмыры ұзақ болсын!
1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеті мойындады.
Биыл Қазақстан халқы сан ғасырлар бойы бабалар армандаған азаттықты алып, аңсағанына қол жеткізген Тәуелсіздік күнін 27-і рет қарсы алып отыр. Әрине, тарих үшін бұл тым қысқа, тіпті қас қағым сәт болып көрінуі де мүмкін. Әйтсе де, осы жылдар ішінде тәуелсіз мемлекет ретінде тындырған істер де аз емес. Өңірге ғана емес, әлемге танылдық. Дүниедегі күллі елдермен байланыс орнатып, тереземіз барша мемлекетпен теңесті. Бұл да сол Тәуелсіздіктің жемісі. Ендеше, егемен ел атанған Қазақстан үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз әрі бұл солай болуы да тиіс.
«Новое Телевидение» телеарнасының және «Жаңа ҒМ» радиосының ұжымы барша қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, саулық, бақыт пен шаттық тілейді.