Жыл сайын Қазақстан 800 миллион доллардан айырылып отыр
Мәжіліс депутаты Сұлтан Сегізбаев Қазақстан сүт пен ет өнімдерін терең өңдемеу салдарынан жыл сайын 800 млн доллардан айырылып отырғанын айтты.
“Бірақ терең өңдеудің үлесі әлі де төмен. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6 пайызына тең. Атап айтқанда, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі – 33 пайыз, етті өңдеу – 41 пайыз, жүнді өңдеу – 19 пайыз, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6 пайызға тең”, – деді Сұлтан Сегізбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Депутат дайын өнімнің импорты өсіп келе жатқанын атап өтті.
“2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн доллар болып, 20 пайыздан асты, ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн долларға жетті. Осылайша, тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан біз жыл сайын 800 млн доллар жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатыр”, – деді ол.
Сұлтан Сегізбаев мәселенің негізі себептеріне тоқталды:
- Бұрмаланған статистика. Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштерді асырып көрсету тек сүт бойынша 2 млн.тоннаны, ірі қара малдың саны бойынша 1 млн бас болды;
- Сапалы сүт шикізатының жетіспеушілігі және қайта өңдеу кәсіпорындарына жыл бойы біркелкі түспеуі;
- Ет саласын дамытудың нақты стратегиясының жоқтығы;
- Былғары шикізатының сапасы сын-ескертпені көтермеуі;
Тері мен жүнді өңдеудің қолданыстағы технологияның ескіргені, шикізатты дайындау, тасымалдау және сақтау жүйесінің жоқтығы. - Отандық өндірістің дайын өнімін өткізу мәселелері;
- Мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қатысты мәселелер.