Киік популяциясын реттеудің ғылыми негіздемесі қашан дайын болады
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова киік популяциясын реттеу мәселесі бойынша шешім қашан қабылданатынын айтты.
«Мамыр айының соңында бізге халықаралық сарапшылар келді. Олар Бетпақдала және Орал популяциясын тексерді, олардың жағдайын қарады, тиісті ұсынымдарын берді. Сол рекомендациялардың негізінде ғылыми зерттеу институттары тиісті ғылыми негіздеме дайындап жатыр. Осы негіздеме аясында бұдан әрі киік полпуляциясын тұрақты пайдалану бойынша шешім қабылдаймыз», – деді министр.
Оның айтуына қарағанда, киік популяциясынан шығын көрген шаруаларға өтемақы төлеу мәселесі де осы негіздеме аясында реттелмек.
«Біздің жобалауымыз бойынша шілденің соңы, тамыздың басында ғылыми негіздемені ғылыми институттар енгізуі керек», – деді Зүлфия Сүлейменова.
Еске салайық, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында шаруалар киіктің шектен тыс көбейіп кетуінен төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр.