Қарағанды тұрғындары ағаштар заңсыз оталып жатқанына наразы
Қарағанды тұрғындары жиырмаға жуық ағаш оталған тағы бір заңсыз әрекетті аңғарды. Оларды қаладағы оқу орындарының бірінің түлектері бұрын кесілген ескі ағаштардың орнына отырғызған болатын.
Қарағандылықтар жақында белгісіз біреулердің заңсыз жұмыстарының салдарына куә болды. Былтырғы оқу жылының басында жабылған көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжге қарама-қарсы отырғызылған жасыл желектер түбімен жойылған. Оларды 2018 жылы мекеме түлектері отырғызып, тіпті өз тақтайшаларын орнатқан. Онда топтардың атауынан басқа, акцияның ұраны – “Ағаш отырғызып, әлемді жақсартыңыз!” деп жазылған. Бұл жерде бұрынғы ағаштар да жақында жойылып, бұл көшеттер өтемақы ретінде отырғызылған еді. Бірақ қазір олардың ешқайсы да жоқ.
“Екі аптадан бері қаламызда ағаштардың рұқсатсыз оталу жағдайлары көп тіркеліп отыр. Қоғам белсенділері бұған қатысты әлеуметтік желілерге түрлі жазбалар жариялады. Алайда әкімдік те, полиция да үн-түнсіз. Осыған жол берген адамдарды жазалау керек”, – дейді қала тұрғыны Илья.
Әкімдік өкілі ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат берілмегені туралы пікір білдірді. Тұрғындардың өтініштері бойынша хаттама толтырылып, ағаштарды отаған адамдарды одан әрі анықтау жұмыстары жүргізілетіні хабарланды. Ал әзірге бұл іс-әрекеттің не үшін жасалғаны және қаланың қақ ортасындағы бос кеңістіктегі ағаштар кімге кедергі болуы мүмкін екені сол күйі жауапсыз қалып отыр.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz