Жол не жолақ, көше не даңғыл, кент не қала. Айыра білесіз бе?
Географиялық және әкімшілік-аумақтық жер атауларына шолу жасаймыз.
Көше мен даңғыл, қала мен кент, қыстақ пен ауыл, түбек пен шығанақ, көл мен теңіз, өзен мен канал, жол мен жолақтың айырмашылығы қандай? Информбюро порталы танымдық топтама әзірледі.
Көше мен даңғыл
Көше – ғимараттардың арасындағы кішігірім жүріс бөлігі. Ол қалада да, ауылдық жерлерде де бар. Көшелерде бұрылыстар болуы мүмкін. Оның ұзындығы бірнеше метрден бірнеше километрге дейін созылуы мүмкін, ені де әртүрлі болады. Сондай-ақ көшелер кейде тұйық болуы мүмкін.
Даңғыл – қаладағы кең, бірнеше жолақты, әрі ұзын көше. Ауылдық жерлерде даңғыл болмайды.
Даңғыл негізгі көлік айырығына жақын орналасады. Оның бойында үлкен және маңызды әкімшілік және мәдени ғимараттар орналасқан. Сонымен қатар, даңғылдардың көпшілігі түзу орналасады. Ол әрдайым ашық болады, яғни тұйық даңғыл болмайды.
Көше басқа көшеге ұласып кетуі мүмкін, ал даңғылдың басы мен аяғында үлкен жол айырығы, алаң, қиылыс болады немесе тіпті қаланың сыртына шығып кетеді.
Қала мен кент
Қала – тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс істейтін, халқы тығыз орналасқан ірі елді мекен. Әдетте қала тұрғындар ауданы, өнеркәсіп ауданы, сауда ауданы, кейбірінде әкімшілік басқару ауданы секілді негізгі аудандарға бөлінеді.
Қалада біршама дамыған қызмет көрсету, сауда жасау, тазалық, тұрғын үймен қамдау, қатынас-тасымал, ойын-сауық кешендері, спорт кешендері болады. Қалалар қала ауданы және қала маңы ауданы деп бөлінеді.
Қазақстанда 89 қала бар. Оның ішінде:
50 мыңнан астам тұрғыны бар 38 облыстық маңызға ие қала;
кемінде 10 мың тұрғын тұратын 48 аудандық маңызға ие қала;
3 республикалық маңызға ие (Астана, Алматы, Шымкент) қала бар.
Кент– қалалық елді мекендер санатындағы елді мекен. Әдетте кент өнеркәсіптік, көліктік, әкімшілік, ғылыми, курорттық және тағы басқа міндеттерді атқарады. Бірақ қазіргі даму деңгейі жағдайында оның бұл атқарымдары қалаға айналуына жеткіліксіз. Сондықтан кент ауылдан қалаға дейінгі аралық елді мекен болып саналады. Алайда кенттің халқы қала халқына жатқызылады.
Қазақстанда 29 кент бар.
Қыстақ пен ауыл
Қыстақ – бір немесе бірнеше үй шаруашылығынан тұратын, жекеленген шаруашылығы бар кішкентай елді мекен. Қажеттілігіне қарай ауылға үлкейтіледі. Алайда, бекеттің атауында “қыстақ” сөзі қала алады.
Қыстақтың тұрғындарының басты жұмысы – ауыл шаруашылығы.
Ауыл – дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық.
Қазақстанда 6 293 ауыл бар.
Түбек пен шығанақ
Түбек – құрлықтың үш жағынан сумен қоршалып, теңізге немесе көлге сұғына орналасқан бөлігі. Ол:
құрлықтық
аралдық
аккумулятты болып бөлінеді.
Құрлықтық түбек – құрлықпен бірге пайда болған немесе құрлықтың жалғасы болып саналады. Мысалы, Апеннин, Пиреней түбектері.
Аралдық түбекке – ертеректе жеке аралдар болып, кейінгі геологиялық дәуірлерде ғана құрлықпен жалғасқан түбектер жатады. Мысалы, Үндістан түбегі.
Сонымен қатар түбектің толқын әрекетіне байланысты пайда болатын түрі аккумулятты деп аталады. Мысалы, Каспий теңізіндегі Бозащы түбегі.
Шығанақ – мұхит, теңіз, көлдің құрлыққа сұғына еніп жатқан және негізгі су айдынымен еркін, тұрақты су алмасатын бөлігі. Мысалы, суретегі Маңыстау, Қарабұғаз, Өліқолтық, Қайдақ, Қазақ шығынақтары бейнеленген.
Дүние жүзіндегі ірі шығанақтар: Аляса, Бенгал, Бискай, Үлкен Австралия, Гвинея шығанақтары.
Кейде дүниежүзілік мұхиттың гидрологиялық режимдері жөнінен теңіз саналатын айдындарды да шығанақ деп атайды. Мысалы, Мексика, Гудзон, Парсы, Калифорния шығанақтары.
Көл мен теңіз
Көл – құрлықтағы ойыстарды (ойпаңдарды) толтыратын, су алмасуы баяу жүретін, теңізбен тікелей байланысы жоқ табиғи су қоймасы. Ол ойыстарының қалыптасуына қарай:
бөгелген;
ойысты;
аралас болып жіктеледі.
Жер шарының ең үлкен көлі – Каспий, ең терең көлі – Байкал. Қазақстанда Каспий мен Аралды қоспағанда 48 262 көл бар.
Теңіз – мұхит айдынынан құрлықпен немесе су асты жоталарымен бөлінген және одан гидрологиялық, метеорологиялық және климаттық режимдерімен бөлінетін дүниежүзілік мұхит бөлігі. Оқшаулануы мен гидрологиялық режимінің ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінеді:
ішкі (жерорталық теңіздер мен жартылай тұйық теңіздер);
шеткі;
аралық теңіздер.
Өзен мен канал
Өзен – жер бетіндегі табиғи арнамен тұрақты жыл маусымдарының көпшілік уақытында ағатын су ағыны.
Өзеннің негізгі бөліктері:
негіз алатын бастауы;
құятын атырауы.
Тікелей көлдерге, теңіздерге құятын немесе құм мен батпаққа сіңетін өзендер негізгі өзендер деп аталады. Ал басқа өзендерге келіп қосылатын өзендер салалық өзендер деп аталады.
Канал – гидротехникада су ағыны арынсыз жасанды арна. Негізінен грунтта қазылады. Ірі порттардың кеме жүретін жерін тереңдету үшін су астында қазылатын гидротехникалық құрылысты да канал деп атайды. Пайдалану мақсатына қарай:
кеме қатынасы каналдары (Суец, Панама каналдары);
энергетикалық каналдар;
өнеркәсіп орындарына, елді мекендерге, жайылымдарға су беру үшін қазылған жерде суландырғыш каналдар (Ертіс – Қарағанды каналы, Есіл су құбыры);
ирригациялық каналдар (Арыс – Түркістан каналы, Үлкен Ферғана каналы);
жиналған артық суларды ағызып жіберу және жерді құрғату үшін қазылған дренаждық каналдар;
балық өтіп тұруға және ағаш ағызуға арналған каналдар;
бір уақытта бірнеше мақсатты су шаруашылығы мәселелерін шешуге арналған кешенді каналдар болып бөлінеді.
Жол мен жолақ
Жол – адамдар мен көліктердің жүруіне, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналып салынған барлық жүру және тасымалдау желілерінің жалпы атауы. Пайдаланылатын көлік құралдарына қарай:
жаяу жүргіншілер жолы;
велосипедшілер жолы;
әуе жолы;
су жолы;
жер асты жолы болып бөлінеді.
Жолақ – жолдың арнайы белгімен белгіленген, әлде белгіленбеген, жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен автомобильдердің қозғалысын қамтамасыз ету үшін сызылған арнайы сызықтар.
Материалда “Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі 2-том”, “Қазақстан ұлттық энциклопедиясы”, “Уикипедия” мәліметтері қолданылды.